Ақтөбеде адамдардың үстіне аялдаманың әйнек бөлшегі құлап түсті

Ақтөбе қаласында аялдамада автобус күтіп тұрған үш адам ауруханаға түсті. Олардың үстіне әйнектің бір бөлшегі түсіп кетті.

Оқиға Ақтөбе қаласы Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы «Алтын квартал» аялдамасында болды. Әйнектен жасалған аялдама павильонына жарнама іліп жатқан кезде шыны шытынап кетті.

— Аялдаманың әйнек бөлшегі адамдардың үстіне құлаған. Үш әйел ауруханаға жеткізілді. Жұмысына салғырт қарап, сапасыз қызмет көрсету, қауіпсіздікті ескермеу дерегі бойынша тергеу басталды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Фото: Pyxabay.com