Ақтауда Жеңіс күнінде соғыс ардагерлеріне 1,5 млн теңге беріледі

Ақтауда Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері 1,5 миллион теңге қаржы алады.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс орталығында екі соғыс ардагері бар.

Олардың бірі екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері Ольга Заривняк. Майдангер 1941-1945 жылдар аралығында Беларусь аумағындағы партизан отрядында байланысшы болып қызмет атқарған. Соғыс ардагері маңызды ақпарат жіберумен қатар жараланған сарбаздарға көмек көрсетуге септігін тигізген.

Соғыс ардагері Василий Салазкин Қиыр Шығыс майданының құрамында ерлік көрсетіп, кіші сержант шеніне дейін көтерілген. Ол майданның ауыртпалығына қарамастан соғыстан кейін ел игілігіне қызмет еткен жауынгер.

«Жеңілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген мүгедектігі бар 25 адам 60 АЕК (221 520 теңге) алады. Ал соғыс ардагерлеріне теңестірілген 76 азамат 50 АЕК (184 600 теңге) алады. Қалада 286 тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, соғыста мүгедек болып қалған жандардың жұбайлары бар. Олар 9 мамырға дейін 40 АЕК (147 680 теңге) төлем алады», — деді Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Хайрлиева.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатынан Ақтау қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мынадай қызметтер тегін көрсетілетінін атады. Олар:

-коммуналдық қызметтер үшін ақшалай өтемақы;
-санаториялық-курорттық емдеу қызметтері;
-қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүру.