2024 жылы Қазақстанның арбитраждық процестеріне 10 млрд теңге бөлінді

Әділет министрі Азамат Есқараев Стати ісіне қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар ол министрлік жүргізіп жатқан процестерге биыл қанша қаражат бөлінгенін айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Стати ісіне қатысты сұрады.

«Бұл іс бойынша процесс тоқтаған емес. Негізінен шетелдік консультанттар қалды. Қазір оларды басқасына ауыстырудың реті жоқ. Бұл бағытта тиісті ілгерілеу бар», — деді А.Есқараев.

Сонымен қатар ведомство басшысы биыл Стати ісіне қатысты қанша қаражат жұмсалатынын айта алмады.

«Бұл іс туралы нақты айта алмаймын. Бірақ жалпы алғанда, Әділет министрлігі жүргізетін барлық процесс пен арбитраждық процедуралар үшін біздің биылғы бюджетімізде шамамен 10 миллиард теңге қарастырылған», — деді А.Есқапаев.

Тілшілер министрге аталған іс бойынша Қазақстан мүддесін қорғайтын адвокаттардың гонорары қаншалықты өскенін сұрады.

«Стати ісіне тоқталсақ, қаражат өскен жоқ. Бірақ белгілі бір үнемдеу бар. Біз қазір жоспарымызды қайта құрдық және былтырдың қорытындысы бойынша белгілі бір үнемдеуге қол жеткіздік. Жалпы, 2023 жылы 26 арбитраждық процесс болды», – деді Азамат Есқараев.

Фото: Әділет министрлігі