Министр болғанымша қоқысты сұрыптамай тастайтынмын – Ерлан Нысанбаев

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өзінің қоқыс сұрыптау әдеттері туралы тілшілер сұрағына жауап берді және бөлек жиналған тұрмыстық қалдықтар неге бір көлікке тиелетінін түсіндірді.

«Қазақстандықтар қоқысты бөлек жинайды және екі түрлі контейнерге тастайды. Бірақ қоқыс жинайтын көлік барлығын бірге тиеп әкетеді. Жалпы қоқыс сұрыптаудың қажеті бар ма?», — деп сұрады тілшілер Үкімет отырысында өткен баспасөз мәслихатында.

«Мен сізбен келісемін. Мұнда қоқысты бөлек сұрыптау идеясы жоққа тән. Өйткені бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қазір бір көлік бәрін әкетіп жүр, бөлек әкету керек болса қосымша техникалар қажет болады. Бұл бизнес үшін қосымша жүктеме болып отыр. Дегенмен, бір күні осыған біртіндеп келеміз. Қоқысты бөлек сұрыптайтын компанияларды ынталандыруымыз керек», — деп жауап берді Экология министрі.

Сонымен бірге, тілшілер министрдің өзі тұрмыста қоқысты қалай сұрыптайтынын сұрады.

«Осы лауазымға келгенге дейін қоқысты еш сұрыптамай тастайтынмын. Қазір бүкіл отбасымызбен қалдықтарды бөлеміз. Бірақ өкінішке қарай, контейнер мәселесі алаңдатады. Бәрімізге де қалдықты дұрыс бөлуді үйрену керек. Бұл әр азаматтың өзінен басталады», — деді Е. Нысанбаев.

Фото: inbusiness.kz