Жастар елтаңбаны Жаңа Қазақстанның талабына сай жасау керек десе, онда ойлануымыз керек

Кез келген ұстаздың міндетті сауатты ұрпақ тәрбиелеу, қоғамға адал қызмет ететін, халықтың игілігіне жұмыс істейтін маман қалыптастыру. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Сол айтпақшы, білім мен тәрбиені ұштастыру ұстаз үшін бірінші басымдық.

Осы ретте мықты заңгерлер дайындаудың мектебі саналатын ҚазҰУ-да балаларды ұлттық санада тәрбиелеп, қазақтың тарихы мен танымын бойларына сіңіруге ерекше назар аударылады. Соған орай, елдігімізді нығайтатын заңдарымызды ұлықтаумен қатар, рухымызды көтеретін мемлекеттік рәміздерімізді таныстыруға, насихаттауға көп көңіл бөліп келеміз.

Биыл құрылғанына 70 жыл толған заң факультетінің түлектері Қазақстанның заңдық базасын жақсартуға, құқықтық саланы нығайтуға, әділдік пен қауіпсізді сақтауға ықпал етіп, елге қалтқысыз қызмет етіп жүр. Мемлекеттік рәміздерді де құрметтеу, қастерлеу – баршаның міндеті. Біз өз тарапымыздан тәуелсіздікті нығайтатын, елдік мұраттарымызды сақтайтын ұрпақ қалыптастыруға тырысып отырмыз. Ал сол жастардың қатарында мемлекеттік рәміздерді, соның ішінде елтаңбаны білмейтіндердің ішінара кездесуі мүмкін. Бірақ, бұл мемлекеттік рәміздерді сыйламайды, бағаламайды деген сөз емес. Мұндай жағдайда біз керісінше сол рәміздерді есте сақтату үшін, жастар жадында жаңғырту үшін не керек деп ойлануымыз керек!

Елтаңба – елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады. Біздің елтаңбамыз да үлкен еңбектің жемісі. Кезінде сәулетші, суретшілердің арасынан озық шыққан, ерекшеленген еңбек.

Бірақ, бұл елтаңбаға қатысты сын болмауы керек, пікір айтылмауы керек дегенді білдірмейді. Әсіресе, бүгінгі жастардың бізге ұнаған елтаңбаны басқаша қабылдауы мүмкін. Оған шектеу жоқ. Және егер жастар елтаңбаны Жаңа Қазақстанның жаңа буынының талабына сай жасау керек десе, бұл мәселе бойынша ойлануымыз керек. Осындай ұсыныс айту арқылы жастар бүкіл қоғамға ой тастап отыр. Өзгермейтін дүние болмайды, тек сол өзгеріс мемлекеттің дамуына оң әсер етсе болғаны.

Серікқали Тыныбеков

Заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының профессоры