Павлодарда құбыр жарылып, 6 тұрғын үйде жылу беру уақытша тоқтатылды

Павлодардағы Торайғыров көшесінің бойында орамішілік жылу желісінен ақау шықты. Салдарынан 6 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанда жылу беру тоқтатылды. 

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақауды қалпына келтіру жұмыстары басталған.

«Құбырға жалғанған Торайғыров көшесі, 52, 54, Академик Бектұров көшесі, 7, 9, 11, 15 тұрғын үйлері және 2 әлеуметтік нысан жылу жүйесінен ажыратылды. Ақауды жою жұмыстары шамамен сағат 19.00-ге дейін аяқталады. Оқиға орнына қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясының өкілдері барды», — деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта «Павлодар жылу желілері» ЖШС бригадалары ақауды жою жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнында 15 адам мен 4 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Видео, фото: Қарлығаш Қасиетова