Ғасыр жаңалығы

2022 жылдың 3 қыркүйек күні Халықаралық Түркі академиясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасы, Тарих факультеті археология, этнология және мұражайтану кафедрасының ұйымдастыруымен Моңғолия өңіріндегі Номгон мемориалдық кешенін тапқан экспедиция мүшелері Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан мен Моңғолия Ғылым академиясы, Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Энхтөр Алтангэрэлийннің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ғылыми іссапарына орай өтетін  «Құтлық қаған жазуы – ғасыр жаңалығы» атты ғылыми-теориялық дөңгелек үстел өткізілді.

Түркі тарихының терең сырын ашқан ғылыми жәдігер ғасырлар қойнауынан арамызға қайта оралды. Бұл ғылыми жаңалық тек түркі жұрты үшін ғана емес, жалпы өркениетті адамзат қауымы үшін баға жетпес құндылық екенін ерекше атап өтуге болады. Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон мекенінде жүргізген ғылыми археологиялық экспедициясының нәтижесінде Елтеріс қағанға арналған кешен, бір ата тілден тараған түркі тілдес халқының бүгінге дейін жол салған «Құтлық қаған» жазуы дөңгелек үстелдің ғасыр жаңалығы болды. Түркі әлемі кеңістігіне қатысты барлық мәселелер ширегін назардан тыс қалдырмайтын екі үлкен мекеменің бірлесе өткізіп отырған бүгінгі жиынының мақсаты да – әлемге әйгілі болып отырған Моңғолия өңіріндегі Номгон мемориалдық кешенінің табылуын насихаттау, түркітану ғылымының майталмандарын бір аранаға біріктіру, шығыстанушы ғалымдардың халықаралық ынтымақтастық траекториясын кеңейту, сол арқылы ғылымға жаңа келіп қосылған аса құнды мұраның келешектегі зерттелуі мен  адамзат игілігі үшін пайдалы болуының бағыт-бағдарын айқындау. Жаңа табылған көне жәдігерді салыстырмалы-салғастырмалы тарихи зерттеулер арқылы маңызын арттыру, идеялары мен жетістіктерін талқылау, мәтіндік жағынан жүйелеу, сол кезеңдегі ескерткіштермен салғастыра отырып қарастыру – ғалымдарымыздың мойнындағы тарихи әрі маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Ғылыми-теориялық дөңгелек үстелде Әл-Фараби ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы — ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы «Жаһанға жан бітірген – түркі рухы», Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Базылхан Нәпіл, Моңғолия Ғылым академиясы, Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр «Номгон ғұрыптық кешені және бітік тасы (Құтлық Елтеріс қаған кешені)», тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Археология және антропология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеубаев Әбдеш Ташкенұлы «Қазақ археологиясындағы Толағай жетістік», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті, түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Әмирдинқызы «Түркілер жазуы – әлемдік өркениеттің қайнар көзі», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Омаров Ғани Қалиханұлы «Түркі жазу мұрасы археологиялық дерек», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шаймерденова Нурсулу Жамалбековна «Turko-Slavica: лакуны и исследовательские перспективы», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.ғ.д., профессор Жақсылықов Аслан «Роль языка в истории мировой цивилизации».

Түркі халықтарына ортақ, қазіргі бас жаңалықтардың бірі – тасқа қашалған алғашқы төлқұжатын тапқан, түркологияға түрен салған тың жаңалықты жариялаған экспедиция мүшелері, Халықаралық Түркі академияның ғылыми қызметкері Н. Базылхан, Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері А. Энхтөр мырзаларды ғылыми аудиториямен кеңінен таныстырылды. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта ғалымдарымызды әлі отыз жылға салмақ болатын қазба жұмыстары күтіп тұр. Аталған кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді қамтиды, батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасағандығы белгілі. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды. Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды. Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анықтады. Жазба мәтінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Сонымен қатар, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткішінің бірі болып табылады.

Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткіштің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады. Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің астаналарында таныстыратын болады. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді. Айта кету керек, Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.

Номгондағы қазба жұмыстарының арқасында Орталық Азиядағы Шығыс түркілерінің қаған-князь типіндегі мемориалдық кешендерін ерекшелейтін негізгі архитектуралық компоненттерден тұратын түркі дәуірінің бұрын белгісіз болған тағы бір ескерткіші ашылды. Көне түркілік руна және соғды тілінде қашалған жазуы бар бітіктастың бір бөлігі, тасбақа тұғыры, антропоморфты бәдіз бөлігі (қағанның жартылай бейнесі) және зооморфты мүсіндер (арыстан мен қой мүсіндері) табылды. Ғалымдар Номгон кешені Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген болжам жасап қана қойған жоқ, жаңалықтың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық экспедиция мүшелеріне түркологияға және әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін алғыс білдіре отырып, Моңғолиядағы Номгон мемориалдық кешенінің табылуы  отандық және шетелдік түркітанушы ғалымдардың тарихи жетістігі және түркітілдес мемлекеттер мен әлемдік қауымдастық үшін бұл зерттеу жұмыстарының маңызды екендігін атап өтті. «Номгон-2022» бірлескен экспедицияның құрамында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Дамдинсүрэнгийн  Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі  Алтангэрэлийн  Энхтөр,  археологтар Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты.

Бүгінгі жаһандық түркі әлемін дүр сілкіндірген «ҚҰТЛЫҚ  ҚАҒАН ЖАЗУЫ» –  әлемдік ғылыми кеңістікте жоғары бағаланған, зерделі зерттеулерге жол ашатын, ұрпақ игілігіне қызмет ететін, үлкен ғылыми мектептің  желісін жалғастыратын, ғылыми сабақтастық орнататын  – құнды мұра болмақ. Дөңгелек үстелге қатысуға ниет білдірген барлық баяндамашылар мен жалпы тыңдаушы, пікір білдірушілерге, қатысушылар сәттілік тілеймін!

Өздеріңізге мәлім, бұл жазу тарихымызды, тереңдетіп, адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді тағы да 50 жылға ілгерілетеді. Сондықтан Құтлық қаған кешенінен табылған асыл мұрамыздың мәдени қазынамызды байыта түсетіні анық. Кездесуде Түркі академиясының атқарып жатқан өзге жұмыстарымен қатар шығарған оқулықтары туралы да айтып өттім. Сонымен қатар Мемлекет басшысына халықаралық ұйымлағы жұмысымның аяқталып жатқанын жеткізіп, бүгінге дейін көрсеткен қолдаулары үшін рахмет айттым. Қазақстан Президенті Моңғолияда жүргізген ғылыми археологиялық экспедицияның нәтижелеріне және Түркі академиясының жалпы жұмысына жоғары баға берді.

Бәріңізді әлемдік ғылыми жүйенің біртұтас бөлігінен орын алып, өзіндік даму жолына түскен түркітану ғылымының аясындағы айтулы құбылыспен құттықтағым келеді.

 Қазақ Ұлттық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы

Авакова Р.А., Ешметова Б.Б.