Амандық Дәулетбекұлы: Шеттен қаржы алатын кез-келген ақпарат құралының жұмысын біз жіті назарда ұстауымыз керек

Өткен жылдың қыркүйек айында адвокат Алишер Тұрабаев Азаттық радиосын жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа берген болатын. Онда «Ресей ҰҚШҰ-ны басқарады» деген тұжырыммен келіспейтіндігі жазылған.

«Бәріміз білетіндей Қазақстан ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымының мүшесі. Ұйым жарғысына сәйкес ұйымның басқару органы да ондағы кадр да ротациямен өзгеріп отырады. Осы мәселені елге қате, теріс насихаттап, бұрмалап жүрген азаматтар да бар. Жарайды, ол кісілердің құқықтық сауаты жетпей жатқан шығар деп жүрсем, тіпті, кәсіби журналистердің өзі әлгіндей бұралаң сөз тіркесін қолданып жатқанын көргенде бір әрекет істеп, прецедент жасатып қоюды жөн санадым. Себебі кәсіби журналистің бұндай қателікке жасауы меніңше мүмкін емеске жақын, яғни, көздеген басқа мақсаттары бар деген күдіктемін. 2023 жылдың қыркүйек айының 19 жұлдызында «Азаттық радиосы» сайтында бір мақала жарыққа шықты. Мақалада ҰҚШҰ-ны Ресей мемлекетінің басқаратындығы бірнеше мәрте жазылған. Ал мен, өз елімнің отаншыл, патриот азаматы ретінде бұндай сорақы сөзбен келіспеймін. Бұл интернет бетінде жарық көріп, мыңдаған оқырманға тарап жатқан ақпарат. Ал ол шындыққа сәйкес келе ме? Жоқ! Біріншіден, «Ресей ҰҚШҰ-ны басқарады» деген тұжырым осы ұйымға мүше өзге елдердің суверенитет, тәуелсіздіктеріне күмән келтіру деген сөз. Екіншіден, ҰҚШҰ Жарғысына сәйкес ұйымның басты органы Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі болып табылады. Ал, шешім қабылдау осы кеңестің құзіретінде. Ол «бір ел – бір дауыс» принципімен жүзеге асып отырады. Сондықтан «Азаттық радиосының» мақаласында жазылған «Ресей басқаратын ҰҚШҰ» деген сөздермен келіспеймін және оны жалған ақпарат деп санаймын. Бұл біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келтірер ақпарат. Мен өзімнің Конституция берген құқығымды пайдалана отырып, «Азаттық радиосының» үстінен қолданыстағы заңнама шеңберінде шағым түсірдім», – деп жазды ол желідегі парақшасында.

Бүгін Амандық Дәулетбекұлы Алишер Тұрабаевты қолдайтындығын білдіріп, редакцияның жұмысына күмән келтіретінін де жасырмады.

«Алишердің өткенде Азаттық радиосын сотқа бергенін білемін. Таза қолданыстағы заңнама тұрғысынан корректный ход екен деп бағалағам. Кеше Тоғжанның постынан тағы да біршама Ресей каналдарының бұдан былай Отау ТВ провайдері арқалы таратылмайтын болғанын біліп, қуанып қалдым. Соловьев анау-мынаулардың орыс тілді азаматтарымыздың миын улауына осылай ақырын-ақырындап түбегейлі тосқауыл қойылады деп сенем. Жалпы, Азаттықтың тарихына қарасаңыз қырғи қабақ соғыс кезінде Совет үкіметін іштей ірітіп-шіріту арқылы әлсірету мен ыдыратуға арнайы жасақталған құрал ғой. Басшылығында АҚШтың барлау саласындағы жоғары шенділердің болып жүргені де содан ғой. Дәл сол тарихи кезеңде біз үшін пайдалы да болды, мойындау керек. Ал, қазір ше? Қырғи қабақ соғыс бітті, Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Енді кіммен күреседі бұл ақпарат құралы сонда? Кімді ыдыратады? Кімнің мемлекетін әлсіретеді? Жақсылап байыппен анализ жасап көрген адамның көруі қиын емес: Бұл ақпарат құралының тарататын контенті ылғи “атты, шапты, қырды, сорлатты, зарлатты, жылатты, тоздырды, көз жасы көл болды” дегенге сайып, біздің мемлекеттік басқару аппаратының қауқарсыздығын, біліксіздігін жасырын икеммен жеткізуге тырысып, керек болса “мемлекет болып қалыптаса алмады”- дегенге сайдырады өңкей. Жеке өз ойым. Бәсе деген канал бар, сол екеуінің контенті бір екенін ойлап, кейде қаржыландыру көзі де бір жер ме деп те қалам, рас. Әйтпесе оппозициялық бағытта редакция жұмысын жүргізіп келген Ермурат ағамның ДАТында да талай негативті ақпарат тарап тұрады. Бірақ бұл газетте объективтілік бар. Қорыта келе айтарым: кісідегінің кілті аспанда, қашан да. Шеттен (әсіресе шет елдің мемлекетінен) қаржы алатын кез-келген ақпарат құралы мен қоғамдық әлеуметтік-саяси ұйымдардың жұмысын біз жіті назарда ұстауымыз керек. Заңды белшесінен басып, қасақана мемлекеттілігімізге қарсы ақпарат таратты не жұмыс істеді ме, әділет қылышы шауып түсіп отыруы керек. Алишердің сөздерімен толық келісемін де, қолдаймын»,  – дейді ол.