«Қаһарман ұлт» жобасы аясында Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті

«Ер есімі ел есінде» деп қазақ елі ұран еткен адамзат тарихында,халық жадында мәңгі өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ұл-қыздарының көзсіз ерліктері мен қаһармандық істері ұрпақтан-ұрпаққа ұдайы жырлана берері сөзсіз.Қазақ тарихында елін, жерін қорғаған талай қаһарман тұлғалар дүниеден өтті. Олардың есімі еш уақытта халық санасынан өшкен емес. Халық өз батырларын мадақтай білді.Ұлылар ұлықтаған киелі топырақтан шыққан сондай батырларымыздың бірі-Бауыржан Момышұлы.Батыр тұлғаның  өмір  жолы,сұрапыл  соғыс  жылдарындағы  жанқиярлық  ерлігі, өжеттігі  мен  өрлігі, алғырлығы  мен  көрегендігі – біле білгенге  ұлы  тәрбие, үлкен  өнеге  мектебі.  Бауыржан Момышұлы -әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді.Осындай ұлы тұлғаны тек қана жеңіс күнінің қарсаңында емес,күн сайын ұлықтап отырсақ та артық етпейді.Осы орайда,Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қаһарман ұлт» жобасы аясында Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.Қала жастары белсене қатысқан бұл рәсім күздің қара суығына да қарамай жоғарғы деңгейде өтті.Себебі әр жастың жанарынан патриоттық рух,Ұлттық құндылықтарға деген ұнамды көзқарас анық байқалды.Гүл қою рәсіміне қала жастарына бөлек “Жауынгер”қоғамдық қорының төрағасы-Байдаулет Даркенбаев,Ауған соғысының ардагері-Асқар Жорабаев,толыс майоры-Жұмат Құнанбаев қатысты.Рәсім барысында батыр рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздікпен басталып,әнұран шырқаумен аяқталды.Қала жастарының жүрегіне патриоттық сезімді ұялатқан бұл рәсім «Қаһарман ұлт»жобасы аясында басқа да ескерткіштерде өз жалғасын тауып жатыр.Себебі,біздің басты міндетіміз-ер есімін ел есінен шығармау!