Ақтауда түнгі клубта болған төбелестен кейін екі полиция қызметкері жұмыстан қуылды

Маңғыстау облысында төбелестен кейін Ақтау қалалық ІІБ полиция қызметінің бастығы Ерлан Отаров пен Мұнайлы аудандық ІІБ патрульдік полициясының командирі Н.Мағзамов жұмыстан босатылды. Бұл жөнінде «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

“Екі қызметкер де ұсталған жоқ. Олар ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Бүгін, 27 қарашада олар келеңсіз себептермен жұмыстан шығарылды”, – делінген құқық қорғау органдарына жақын дереккөздің мәлімдемесінде.

Әлеуметтік желідегі деректерге қарағанда, төбелес 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні ойын-сауық мекемелерінің бірінде болған.

“Биылғы жылдың 27 қарашасында сағат 2.00 шамасында Ақтау қаласындағы түнгі клубтардың бірінде болған төбелес кезінде, мас күйінде Ақтау қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Е.О. үстел пышағын қолданып, 1996 жылы туылған Қазақстан Республикасының азаматы Ж.Е.-ны жарақаттаған. Төбелесті ортада болған Е.О. мен Мұнайлы аудандық ІІБ патрульдік полиция ротасының командирі Н.М.-ның арандатып, Ж.Е.-ге балағат сөздер айтып, жәбірленушіге бірінші болып соққы жасаған. Нәтижесінде полицейлер қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, кезекші бригаданы шақырып, оқиға орнынан бой тасалаған”, – делінген таралған ақпаратта.

Қарағанды облысы полиция департаменті қызметкеріне іздеу жарияланды

Екі жыл құлдықта болған: Полицейлер бірнеше адамды еңбек құлдығынан құтқарды
Маңғыстау облысының полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме беріп, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, екі қызметкердің жұмыстан босатылғанын растады, бірақ күдіктілердің аты-жөні мен лауазымын айтудан бас тартты. Ведомство төбелес кезінде пышақ қолданылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

“Әлеуметтік желіде Ақтаудағы түнгі клубтардың бірінде екі қызметкер төбелеске бастамашы болып, оның барысында үстел пышағы қолданылғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша тіркелді. Тәртіптік комиссияның шешімімен екі қызметкер ішкі істер органдары қызметінен босатылды. Бұл ретте төбелес кезінде үстел пышағы қолданылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін ескертеміз”, – деп қосты полиция.