Екі жыл құлдықта болған: Полицейлер бірнеше адамды еңбек құлдығынан құтқарды

Республикалық «STOP-трафик» жедел-алдын алу шарасының нәтижесінде бірнеше адам еңбек құлдығынан құтқарылды.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов еңбекn3 қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша анықталған үш жағдайдың екеуіне тоқталды. Нұрмағамбетовтың айтуынша, Абай облыстық полиция басқармасына әйел адам психикалық ауытқуы бар 1973 жылы туған ағасының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақпаратты тексеру барысында ер адамды алдап, байланыс құралдарын тартып алу арқылы Семейден 200 шақырым жердегі шаруа қожалығына алып кеткен екі азаматты ұстады», – деді Нұрмағамбетов.

Ол ер адамды үй шаруашылығында жұмыс істеуге мәжбүрлеп, үш апта бойы қамауда ұстағанын атап өтті. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 128-бабы (Адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер реестріне тіркелді. Павлодар облыстық полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мәжбүрлі жұмысқа тарту фактісінің жолын кесті.

«1987 жылы туған азаматты қорқыту арқылы жақын маңдағы елді мекеннен 60 шақырым жерде орналасқан аңшылық үйге апарып, екі жыл бойы жұмыс істеуге мәжбүрлегені анықталды», – деді Нұрмағамбетов.

Еңбек қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Екі жәбірленуші де туыстарына қайтарылды.