Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Күй-керуен» атты күй кешінен басталды

Иә, бұған дейін ұйымдастырылған іс-шаралар ұлттық өнеріміздің дәстүрлі ән мен  жырына, ұлттық  биімізге арналса келесі кезек күй өнерінікі болды.

Аталмыш іс-шара Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына  орай арнайы  ұйымдастырылды.  Күй өнерінің жеті бағыттан құралған 7 мектебі болса, осы іш шарада  барлығы да  қамтылды.

Күйдің құдіретті, домбыраның қасиетті екеніне ешкім талас айтпасы анық. Домбыраның үнінде дала дүбірі, қос ішегінде тарихтың тілі сөйлеп жатады. Ал күйді төгілте орындап, көңіл пернесін түртетін күйшілердің орындауы қандай ғажап десеңізші! Құлақ құрышын қандырар күй күмбірлей түскенде жан сарайың ашылып, толқыныс пен тыныштық сезімін қатар сезінуге болады. Осы орайда өнерді жанына серік еткен  ұлтымыздың атақты күйшілері Алатау сахнасында өнерлерін көрсетті.

Жақында ғана директор қызметіне тағайындалған М. Нуралиевтің  «Алатау» дәстүрлі өнер театрындағы басшылығы ауқымды іс-шарадан басталды.

Күй кешін жаңа форматта сахналаған  режиссер Н. Тутов пен  ұйымдастырушы әрі сценарий авторы Ардақ Беркімбаевтің еңбегін баса айтқан жөн.  Сахна жарығы, күйшілердің шығу мизанценалары мен техникалық құрал- жабдықтардың бүге-шүгесіне дейін орнымен қолданылуы,   кештің атмосферасын жеткізер сценографияға дейін күй ойналғанда сән беріп сөйлеп тұрғандай дерсіз. Жүргізуші Әсет Есжанның сахнаға шыққан әр күйшіні жай ғана хабарлап қоймай, сондай ақ әр  күйдің тарихы мен күйшілік мектептерден мағлұмат беруі әр сөзінің орынды айтылуыда ерекше назар аудартты.

Әрине кешіміздің ең  маңызды ерекшелігі еліміздің әр өңірінен келген атақты күйшілердің  концерт бойы  төгіле күй орындауы.  Бір-бірінен асатын кәсіби шеберліктері мен әр алуан жеткізуі. Атап айтсақ, Арқа күйшілік мектебінен Біләл Ысқақов,  Мұрат Әбуғазы,  Жетісу күйшілік мектебінен Талғат Оразаев, Нұрлан Түменбаев,  Шығыстан  Сырым Нұрмолдин, Іле аймағын күйшілік мектебінен Нұрданқожа Сұлтанқожаұлы, Қаратаудан Ерболат Мұстафаев, Сыр бойынан Төлепберген Тоғжанов, Батыс Қазақстан күйшілік мектебінен Айгүл Үлкенбаева, Нұрболат Жанаманов, Батыржан Мықтыбаев, Батыс Төре күй мектебінен Айтжан Тоқтаған, Маңғыстау күй мектебі Абылай Тілепбергенов  Сонымен қатар, Сыбызғышы Талғат Мұқышев пен  Қобызшы Саян Ақмолда   өнер көрсетті.  Аталған орындаушы күйшілер Құрманғазы, Тәттімбет, Дина сынды т.б. дүлділдерден қалған асыл мұраны бұзбай   ұрпақтан-ұрпаққа таза қалпында жеткізіп, дәріптеп келе жатқан  күйшілер қатарынан болса, кешіміздің арнайы шақыртылған қонағы Асылбек Енсепов пен Мейрамбек Беспаев бүгінгі заман композияциясымен жалғады.

Театрымыздың сахнасында көп орындала бермейтін күйлер  шертіліп, тағылымды да танымды, ғибраты мол, күй өнерінің құдіретін танытқан әсерлі кеш болды.

Еренғайып Б. Б.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің басшысы м.а.