Партизан Қайсенов

Соғыстың біткеніне биыл 77 жыл толады. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да, одан кейінгі ұрпақ майдангерлердің ерлігін ұмытпайды. Ұлы Отан соғысында, әсіресе, қазақ жауынгерлері өзінің батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан белгілі жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов.

Қасым Қайсенов. © ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

Қасым Қайсенов 1918 жылы сәуір айының 23 күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асу-бұлақ аулында кедей шаруа отбасында туған. Әкесі Қайса мен анасы Бижамал 13 баланы дүниеге әкеліп, оның сегізін аман-есен жеткізген қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Қайса 102 жасында өмірден озған. Қасым Қайсенов 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң он жеті жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Ол өзінің өмірлік жары Асыл Қабышқызымен 1937 жылы 19 жасында шаңырақ көтереді, ол кезде жары 17 жаста болған. Қасым мен Асыл Ләззат, Мұрат, Болат, Толқын атты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Үлкен өмірге аяқ басқан күн

Қасым Қайсенов 1938 жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып бастайды. Бір жыл өткен соң Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалды. 1940 жылы әскерге шақырылып, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлаушы мектебіне жіберіледі. Мұнда барлаушыларды екі бағыт бойынша дайындаған: бір тобын Шығыс Түркістан өлкесін Совет құрамына қосуға және Қытай мен Жапонияға қарсы соғысқа жұмылдырмақ болса, екінші тобын батыстағы майдан үшін пайдаланбақ болды. Қасым Қайсеновтың тағдыры герман-совет соғысына байланысты дамыды.

 

Партизандар арасына қалай қосылды?

1941 жылы Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді. Бір жылдың ішінде барлау ісінің қыр-сырын меңгерген сарбазды Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді. Алайда жанындағы серіктері қаза табады. Шамамен он күн бойы орман ішінде аштықты көреді. Кейін жау тылында жұмыстар атқарып жүрген Иван Кузьмич Примакпен кездесіп, партизандық жолын жалғастырады.

«Мен соғыстың кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақты ма, әлде суішкілігім болды ма, соның бәрінде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менің қай жаным артық еді. Ендеше, мына көріп жүрген күндерімді «олжа» демей, не деймін», – дейді Қайсенов естелігінде.

1941-1943 жылдар аралығында екі адамнан жеті адамға дейін жеткен ірі партизан құрамына өтіп, №6 отрядтың командирі болады. Карпат тауындағы ерлігі үшін Қасым Қайсенов төртінші Украин майданының партизан штабы тарапынан III дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылды.

«Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек «Вася» деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп, іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан», – деп айтқан болатын Қайсенов.

Вася деп атап кетуі, соғыс жылдары жалған құжатпен әскер қатарына қосылуы себеп болған. Ол жерде батырдың есімі – Булатов Василий Михайлович деп жазылған.

Шығармашылық жолы

Партизан-ардагер ұзақ уақыт «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, редактордың орынбасары болды. 1954 жылы Қайсенов «Жас партизандар» атты тұңғыш кітабын шығарды. Қасым Қайсенов ерлік-патриоттық тақырыпқа арнаған шағармашылық жолы осылайша басталды.

Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерлігін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. 1955 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген «Илько Витряк» кітабы жарық көрді. 1959 жылы «Ажал аузынан», 1960 жылы «Жау тылындағы бала» атты партизан жазбалары шықты. Жетпісінші жылдары «Днепрде», «Жау тылында» мол тиражбен екі рет басылып шықты.

1964 жылы Тарас Шевченконың 150 жылдық тойына қатысу үшін Украинаға барды. Осы сапарынан соң «Партизан соқпақтары» кітабы жарық көрді.

Богдан Хмельницкий ордендерімен, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Чехословакия партизанының белгісімен, КСРО және шет мемлекеттердің 25 медальдарымен, Қазақ КСР және Украинаның Құрмет грамоталарымен марапатталған.Егеменді Украина үкіметі оны ІІІ және ІІ дәрежелі «Ерекше еңбегі үшін» ордендерімен марапаттады. 1995 жылы 24 сәуірде оған «Халық қаһарманы» атағы және армия полковнигі деген шен берілді.

Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр дерттен Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды. Ол тек жауынгер,батыр ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде де елдің есінде мәңгіге қалды.

 Калиева Томирис