«Жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың 45%-ы сол жолға жетпей жоқ болады» — белсенді

Фото: ашық дереккөз

Жол мәселесін көтеріп жүрген белсенді Азамат Мусиловтың айтуынша, мемлекеттен жол жөндеу жұмыстарына деп бөлінген қаражаттың 45%-ы сол жолға жетпей жоқ болады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Мен 13 жылдан бері мемлекет жол жөндеу саласында триллиондаған сома жоғалтып жатқанын айтып, дабыл қағып келемін. Жол құрылысы бойынша тұтас жүйені қайта қарау керек. Мысал ретінде, мемлекет бюджетінен 2024 жылға жол құрылысына қанша қаражат бөлінгенін алайық. Міне, дәл осы соманың 45 %-ын алып тастай беруіңізге болады. Бұл 45 % жол жөндеуге жетпей, орта жолда-ақ жоқ болады. Оны іздеуде Антикор да, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ІМАК) де көмектесе алмайды. Біз оларға дәлелді дайын күйінде алып барғанымызбен олардың жауабы «Дәлелдерің бар ма?» болды. Егер ҚР азаматтары жемқорлық дерегін прокуратураға, антикорға, департаменттерге, аудит комитеттеріне өздері дәлелдейтін болса, онда бұл мекемелердің қажеті қанша?», — деп күйінді ол.

Мусилов Марат Қарабаев басқарып отырған Көлік министрлігін тарату керек деп есептейді.

«Қарабаев министр ретінде министрліктің барлық қызметін құрдымға жіберді. Оны орнынан ауыстырып керек емес, біржола жұмыстан шығару керек. Министрліктен адекватты адамдар шығып кетіп жатыр, оларға жұмыс істеткізбейді. Жұмысқа жаңаша темп, жаңашылдық әкелгісі келетін адамдардың бәрін жұмыстан шығарып жатыр. Олардың орнына үнсіз бас шұлғып, айтқанына көніп жүре беретіндерді ғана қалдырады», дейді ол.