Еліміздегі белгілі заңгерлердің бірі Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа үндеу жасады, деп хабарлайды ozgeris.info 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
«Бір туғаным болса да мен ешкімге бүкіл Қазақ халқына тіл тигізуге жол бермеймін. Бауырлар көптеп белгілеген екен. Видеоны көріп ұнжырғам түсті. Сондықтан осы бейнеүндеуімді құзырлы органдардың құлағына жеткізу үшін, көптеп таратуларыңызды сұраймыз. Өзімізді қорлауға жол берсек те ұлтымды қорлауға жол бермейік», — дейді заңгер.
Ол екі қырғыз азаматының қазақтарға қарсы бәйәдеп сөздерді қарша боратқанын көрсеткен. Сондықтан көрші елдің президентіне үндеу жасады.
«Құрметті Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров мырза! Бірнеше күн бойы қырғыз азаматтарының әлеуметтік желіде көкпарға қатысты реніші қазақ азаматтарының намысына тиюде. Осыған байланысты сізден өтініш, қазақ-қырғыз бір туған, екі елдің арасына іріткі салып бүкіл қазақ халқына тіл тигізген екі тентекті тауып, өздеріңіз жазаға тартуды сұраймын», — дейді Мейірман Шекеев.
Ол Қазақстандағы Қырғыз елшілігіне де хабарласқан. Сонымен қатар, екі азамат істегендерін мойнымен көтеріп, бүкіл қазақ халқының алдында кешірім сұрауын талап етеміз деп айтты.
ПІКІР ЖАЗУ