Ұлттық банк неліктен валюта айырбастау пунктеріне жаңа талап енгізгелі жатыр? Оның айтылған себебі көпшіліктің көңілінен шықпады. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі сарапшылар мен қоғам белсенділерінің пікірі неге екіге бөлінгенін анықтап көрді.
ҚР Ұлттық банк елдегі валюта айырбастау пункттеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салуды жоспарлап отыр. Алдымен, бұл не талап екенін анықтайық. Кез келген қалада валюта айырбастайтын пунктер бар. Сол пунктер орналасқан көшелерде валюталар курсын көрсететін ақпараттық стендтер тұрады. Бәріміз көріп жүрміз.
Ұлттық банк қоғамдық орындарға шығып кеткен сол көше стендтеріне қойылатын талапты қайта қарауға шешім қабылдап отыр. Себебі жол бойына, жүргіншілер жолына, ғимараттардың қас бетіне, жол белгілерінің үстіне, көшелерге, аллеяларға «емін-еркін» шығып кеткен ала-құла стендтер қала көркіне нұқсан келтірсе, кей жағдайларда жүргізушілердің назарын аулап, жол қозғалысындағы қауіпсіздік талаптарын бұзады деген де факторлар айтылады.
Оның үстіне, бұл стендтерді көшеге шығарып орнатып қойғаны үшін айыбастау пунктері мемлекетке, бюджетке төлем жасамайды.
Осы жаңа талап соңғы күндері қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Әрине, қаулы жобасы қоғамдық талқыға түскесін кез келген азамат өз позициясын білдіруге құқылы. Тіпті кейбір пікірлерге қарасақ, «осы әдіспен Ұлттық банк валюта бағамы туралы ақпаратты жасыруға тырысып жатыр» деген де пайымдар бар.
Бірақ, нағыз экономистер мен тәуелсіз қаржы сарапшылары мұндай пікірмен келіспейді.
«Сабыр сақтайық, біз 2025 жылда өмір сүріп жатырмыз, цивилизацияға ұмтылайық. Әрқайсыңыздың қалтаңызда смартфон бар, ашасыз та, курспен таныса бересіз. Жаңашылдыққа үйренетін, өзгеретін кез келді ғой, көшедегі визуалды хаостан құтылғанның несі жаман? Аяққа салмақ салып, көше кезгенше, курсты экран бетінен көре салған қауіпсіз емес пе», — деп пікір білдірді TENGENOMIKA телеграм-каналы.
FINANCEkz телеграм-каналының авторы да Ұлттық банктің бастамасына оң қарайтын секілді.
«Ақпараттық стендтерді көшелерден алып тастау — дұрыс шешім. Бұл өз кезегінде қоғамда теңге курсына деген фетишизацияны сейілтеді», — деген позициясын білдірді.
Цивилизация демекші, өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешілген деген де сұрақ қызықтырғаны рас. Мәселен, Еуропа елдерінде, оның ішінде Германия, Франциядағы ғимарат сыртына курс бағамдарын ілмейді. Ал АҚШ-та валюта айырбастау орындарында бағамды ілуге тыйым салынбаған. Дегенмен бұл нақты штаттарға да байланысты. Коммерциялық орталықтарда көрсетілуі мүмкін.
Әрине, көше келбетіне қатысты мәселе Ұлттық банктің мандатына келмейді деген уәж де айтылуы мүмкін, бірақ, орталық банк өз құзыреті шегінде айырбастау пунктерінің қызметін реттей алады. Соның ішінде дәл осы ақпараттық стендтердің өлшемін белгілеп, айырбастау пункттерінің үй-жайларына талап қоюға құқылы. Ондай құзырет «Ұлттық Банк туралы» заңда (8-бап, 5-тармақ) анық көрсетілген.
Егер қаулы қабылданар болса, онда еліміздегі айырбастау пунктері курс таблоларын ғимарат ішінде ілуге рұқсат алады.
Қаулы жобасының толық мәтінімен «Ашық НҚА» порталында таныса аласыз. Құжат 14 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.
Алайда ел жанашырлары мен белсенділер сарапшылардың оң пікірін жоққа шығарып, жаппай қарсылық білдіре бастады. Олар банк өкілдерін қатаң сынға алып, теңгені нығайта білмегендері үшін сөкті.
«Осылайша біздің қауіпсіздігімізге алаңдайды екен. Алаңдағаны соншалық жол бойындағы валюта бағамы жазылған тақтайшаларды алып тастамақшы. Енді тамыздан бастап теңгенің тентіреп, доллардың долданып, еуроның елпеңдеп тұрған бағамын жол-жөнекей көз қырымен көре алмайсың. Өйткені бұл таблолар жүргізушілердің көзін көлегейлеп, “обзорын” жабады депті Ұлттық банктегі ұлылар», — деп шүйлікті журналист Диас Нұрақын.
Елдің экономикалық қауіпсіздігінен бұрын жол қауіпсіздігіне аса мән бергіш банкирлер енді әлем-жәлем жарнама тақтайшаларын да тып-типыл қылса дейсің. Тіпті жазды күні жолдың жартысын жауып қалатын жасыл-желек пен тал-дарақтарды да қырқып тастау керек. Елдегі ДТП статистикасы бұдан да азаймаса, көше бойына жақын орналасқан үйлер мен ғимараттарды да сүріп тастау керек.
Ұлттық банктегі ұлылар девальвацияны ауыздықтаудың дені дұрыс формуласын таппады. Тек валюта бағамы жазылған таблоларды тықсақ, теңге нығайып кетеді деп ойлайды екен.
«Олай болса супермаркеттегі азық-түліктің бағасын да алып тастайық. Жанармай бекеттерінде бензин бағасын да жазбауды ұсынамын. Сонда бағаны айтып бажылдап, бас ауыртпаймыз. Қымбаты қайсы, арзаны қайсы ажырата алмай ақымақ боламыз. Бұларға как раз сондай ақымақ халық керек емес пе?», — деп түйіндеді журналист.
Қаржылық сауат арнасының жазуынша, бұл сонша алаңдайтын мәселе болмауы керек. Стенд — тек ақпарат беруші құрал. Ол ақпаратты интернеттен де алуға болады. Көше таблосы теңге тағдырын шеше қоймас, курстың қалай болмағы — нарықтың еншісіндегі шаруа екенін көзі ашық адам онсыз да жақсы біледі.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру