Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында жаңадан салынған Әбдуәли Қайдар атындағы орта мектептің ашылуына байланысты Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдерінің сағат саны азайған. Осыған орай мұғалімдер дабыл қағып отыр. Олар жарты ұжымның жұмыссыз қалу мәселесін көтеріп, мемлекет басшысына үндеу жолдады. Сөздерінше, биыл мектептегі 35 қазақ сыныбының тең жартысы жабылып қалған. Алайда басқа мектептің қызметкерлері жаңа оқу жылы басталса да, оқушыларды шақыруға талон беруді доғармаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қиын жағдайда қалған ауыл мұғалімдері Президенттен, Үкімет басшысынан және министрден көмек сұрады, деп жазады Stan.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ғани Бейсембаевқа, Салтанат Беспаеваға, Марат Сұлтанғазиевке, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылы Әлия Молдағұлова атындағы 44 жылдық тарихы бар орта мектептің ұжымы жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрғанын хабарлап, көмек сұраймыз. Ауылда жаңа Әбдуәли Қайдар атындағы мектептің ашылуына байланысты сыныптар жабылып жатыр. Осы білім ордасының қабырғасында еңбек етіп жатқан 85 мұғалім жұмыссыз қалуы мүмкін. Осы сұрақты шұғыл түрде қарастырып, шешіп беруіңізді талап етеміз», – деп сөйледі тарих пәнінің мұғалімі.
Мұғалімдер көрші ауылдарға мектеп қажет бола тұра, оны Шелекте салғандарына наразылық білдірді.
«Жалпы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында 9 мектеп бар, мектепке қажеттілік жоқ десе де болады. Молдағұлова мектебінде 947 оқушы болған. Қазір 460 бала ғана қалған, Біразы тағы да кету үшін құжаттарын сұрап жатыр. Ауданда үш ауысымдық мектептер өте көп, 400-500 орындық мектепте 2000-ға жуық бала оқиды. Автобуспен сандалып оқитын ауылдар да бар. Сол жерлерге жаңа мектеп салмай, Шелекке жаңа мектеп салуы қалай? Ата-наларымыз жаңа мектептен беріліп жатқан талондар әлі тоқтамағанын айтты. Мектепке шақыру заң бойынша 1 қыркүйекке дейін тоқтауы керек еді. Алайда бұл қозғалыс есебі әлі жүріп жатыр», – деді мұғалімдердің бірі.
Ұжым былтырғы оқу жылында 35 қазақ сыныбы болса, биыл олардың саны 50%-ға дейін бір-ақ қысқарғанын айтты.
«3 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақ тілінде білім алатын сыныптардың саны 17 ғана. 2023-2024 оқу жылында мектепте 89 мұғалім болса, оның төртеуі бала күтімінде. Биылғы оқу жылында олардың 50%-ы жұмыссыз қалмақ. Талабымыз: мұғалімдердің сағат саны сақталсын. Оқушыларды басқа мектепке шұғыл түрде қабылдауын тоқтатсын немесе жаңа мектепке бізді бүкіл ұжыммен көшірсін. Өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай, таразының басын теңестіруді сұраймыз», – деді мұғалімдер өз үндеуінде.
Дене шынықтыру мұғалімі жаңа мектептен жұмыс сұрап барған. Олар оған небәрі 8 сағат қана жүктей аламыз деген. Сонымен қатар мұғалімдер өздерінен бөлек кіші қызметкерлердің де саны қысқаратынын айтып шағымданды.
Аудан әкімдігінің мәлімітінше, Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдерінің өтінішімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысымен кездесу өткен.
«Кездесу барысында мұғалімдер қауымы қазіргі жағдай және бейнеүндеуде айтылған мәселелер бойынша түсініктеме алды. Білім бөлімінің басшысы, бүгінге дейін Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептен 279 оқушы мен 12 мұғалімнің жаңа мектепке ауысқанын және мұғалімдердің жұмыс уақытының қысқару қаупі жоқ екенін атап өтті», – деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Бүгінде Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте 543 оқушы білім алып жатыр.
«Алдағы уақытта да аталған мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысқан жағдайда, мұғалімдер жұмыспен қамтылады. Қазір мектептегі оқу үрдісі бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр», – деп баяндады аудан әкімдігі.
Алайда бір топ ұжымның арасынан екі-үшеуінің, мәселе көтеріп, үндеу жолдағаны үшін кешірім сұраған видеосы тарады. Видеокадрда бір мұғалім мен екі оқу ісінің орынбасары ашуға беріліп, жалған ақпаратқа ергенін айтқан. Соңында өздерінің асығыс үндеу жолдағандарын айтып, кешірім сұраған.
ПІКІР ЖАЗУ