8,5 мыңға жуық қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері 8 476 азаматқа зиян еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл төлемге 9 255 адам өтініш білдірген.
«Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 840 адам жүгінді, оның ішінде 2 730 адамға тағайындалды. Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 6 415 адам өтініш білдіріп, оның 5 746-сына тағайындалды», — деп жазылған хабарламада.
Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлем алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 492 адам, 4 көзден – 1 166 адам), Қостанай (2 көзден – 318 адам, ал 4 көзден – 876 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 248 адам, ал 4 көзден – 882 адам) облыстарында тіркелген.
Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зиян еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымы болуы — міндетті шарт. Ол зейнет жасына дейін төленеді.
ПІКІР ЖАЗУ