Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы бұрынғы әйелін өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған Бауыржан Хайруллиннің ісін қарады, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Tengrinews.kz»-ке сілтеме жасап.
Бірінші сатыдағы сот үкіміне жәбірленуші тарап шағым түсірген. Марқұм Айнагүл Хайруллинаның анасының айтуынша, қызының бұрынғы күйеуі қылмысты жоспарлы түрде жасаған.
«Ол қызымды өлтіремін деп бірнеше рет қорқытқан. Айнагүл полицияға жүгінді, бірақ Хайруллинге ешқандай шара қолданбаған. Екі баласы үнемі анасын сұрап отырады. Жазаны жеңілдететін жайт ретінде сот үкімінде екі кішкентай баласы бар екені көрсетілген. Бірақ ол олардың анасын өлтірген. Қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ол террористен де жаман», — деді Кәкима Қажыпанова сотта.
Сотталушының адвокаттары да үкіммен келіспейді. Олар кісі өлтіру аффект жағдайында жасалғанын айтып, бапты жазаны жеңілдететін бапқа саралауды сұрады.
«Мен қатты психикалық күйзелісте болдым. Мен қателескенімді білемін. Бұқаралық ақпарат құралдары мені қатыгез қылып көресетті. Бұрынғы әйелімді өлтіргенімді мойындаймын. Бірақ сол сәтте мен есімді білмедім», — деді Бауыржан Хайруллин.
Тараптардың уәждерін қарап, апелляциялық алқа өз үкімін шығарды. Хайруллинге қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды. Экс-шенеунік 15 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша қауіпсіз мекемесінде өткізеді.
Еске салайық, 2021 жылы 19 сәуірде Бауыржан Хайруллин бұрынғы әйелі Айнагүл Хайруллинаға 20-дан аса пышақ жарақатын салған еді. Марқұмның артында екі баласы қалды. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, қатаң жаза беруді сұрады.
«ozgeris.info»
ПІКІР ЖАЗУ