Баға бетімен кетті

Елімізде қымбатшылықтың беті қайтар емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы сәуір айында айлық инфляция – 1,2%, ал жылдық инфляция – 10,7% болды. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш (2024 жылы сәуірде – 8,7%). Халыққа  бұл қалай әсер етеді? Түсіндірейік.

Азық-түлік бір ай ішінде орта есеппен 1,1%-ға қымбаттады. Бірақ кей өнімдердің өсімі бұдан бірнеше есе жоғары. Мысалы, капуста бағасы бір-ақ айда 20%-ға, қызылша 11,7%-ға, пияз 11,5%-ға, ал сәбіз 9%-ға көтерілді. Бұл көкөністер – халықтың күнделікті ас мәзірінің өзегі. Картоп пен лимон 7%-дан асып кетті, олив майы мен жүзім де 6-7% аралығында өсті. Тіпті ет пен балық, қант секілді негізгі өнімдер де 2-3%-ға қымбаттады. Ескерте кетейік, мұның бәрі бір айдың ішіндегі өзгеріс.

Ақылы қызметтердің жағдайы да мәз емес. Олар орташа есеппен 1,9%-ға өсті. Бұл – инфляцияның ең жоғары үлесі. Әдеттегі моншаға бару құны 5%-ға, шаштараз бен сұлулық салондары 2,6%-ға, интернет пен кинотеатр қызметтері 4%-ға өсті. Санаторий, стоматология, зертхана, қоғамдық тамақтану да 2–3% аралығында көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, «күнделікті өмір сүру» қызметтерінің бәрі қосымша ақша талап ете бастады.

Коммуналдық қызметтердегі өсім тіпті алаңдатарлық. Қаңтардан бері салқын су тарифі 89,1%-ға шарықтаған. Яғни, бұрын 1000 теңге төлеген адам қазір 1900 теңге төлеуі мүмкін. Су бұру 23,5%-ға, орталық жылу 18,7%-ға, ыстық су 14,4%-ға, газ – 13,3%-ға, ал жарық 11,7%-ға қымбаттады. Бұған тұрғын үйді ұстау мен қызмет көрсету ақысы да қосылды – ол 10%-ға өскен.

Жылдық инфляция да баяулап жатқан жоқ. 2024 жылдың сәуірінде ол 8,7% болса, биыл дәл осы айда 10,7%-ға жетті. Осы аралықта азық-түлік 8,5%, ақылы қызметтер 15,7%, ал тауарлар 8,9%-ға қымбаттады. Бір қарағанда – бұл жай сандар. Бірақ мұның бәрі – нақты түбіртектер, нақты өмір.

Мысалы, кейінгі бір жылда картоп 79%-ға, пияз 63,8%-ға, капуста 46,8%-ға қымбаттады. Күнбағыс майы, банан, минералды су, қызанақ, кондитер өнімдері мен сиыр еті 12–21% аралығында өскен. Бұл өнімдерсіз бір аптаны елестету қиын.

Ал кейбір заттар тіпті «люкс» санатына өткендей: зергерлік бұйымдар мен сағат – 27,7%, жаңа жеңіл көлік – 27,1%, теледидар мен акустика – 23,6%-ға қымбаттаған. Қызмет көрсету саласында теміржол билеті 24,7%, автобус – 11%, ұшақ – 9,6%-ға қымбаттады. Жалдау ақысы – 15,3%. Жайлы өмір сүру үшін үйің мен көлігің болса – оған да төлейтін баға күн сайын өсіп жатыр.

Өңірлік тұрғыда ең жоғары инфляция Астанада тіркелді – 13,8%. Одан кейін Қарағанды облысы – 12,8%, Ақмола облысы – 11,8%. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары.

Қорыта айтқанда, халық күн сайын бәрінің қымбаттап жатқанын сезіп отыр. Бірақ табыс бұрынғыша. Инфляция тек экономикалық индикатор емес – ол әр отбасының тоңазытқышы мен түбіртегіндегі ахуал. Баға өскен сайын сенім төмендеп барады. Себебі сандар өскенімен, халықтың өмір сапасы артпаған.