Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде жазба жариялап, жалғыздықтан шаршағанын шынайы жеткізді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты politico.kz порталына сілтеме жасап.
Әншінің айтуынша, өміріндегі басты тірегі — қызы Мерей. Ол Мақпал Жүнісованың сырласы, кеңесшісі әрі жанашырына айналған.
«Қызымның айтқанын тыңдаймын. Сәл сырқаттанып қалсам, жаны шығып кете жаздайды. ‘Мама, сен ауырмашы, сен әлі керексің’ дейді. Ақыл айтып қоятыны да бар. Балам емес, менің досым сияқты. Сырымның бәрін Мерейге айтып отырамын. Мұңымды шағамын. Оны бала ғой демеймін», — деді өнер иесі.
Сонымен қатар, ол марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті жиі есіне алатынын жеткізді. «Жалғыздық адамды қажытады екен. Зәкеңді сағынып, есіме алатын сәттер көп. Сондай кезде халықтың өзі демеу болады. ‘Жалғыз емессіз, біз бармыз, сізді жақсы көретін жұрт бар, бақытты болуға лайықсыз’ деп қолдау білдіреді», — деді Мақпал Жүнісова.
Әнші халықтың сөзі мен қолдауына әрдайым мән беретінін, ал нағыз бақытты сәтін тек сахнада сезінетінін де мойындады: «Халықтан биік емеспіз. Ұлық болсаң — кішік бол. Халық қолдаса — өсеміз, кешірсе — алға жылжимыз. Сахнада ғана шын бақытты сезінемін», — деді ол.
Мақпал Жүнісованың бұл шынайы сөздері желі қолданушылары арасында үлкен қолдау тауып, жылы лебіздер мен жанашыр пікірлерге толы болды.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру