Шавкат неге ирландиялық қарсыласын әрең жеңді

Желтоқсанның басында отандасымыз Шавкат Рахмонов UFC 310 жарысында ирландиялық Иэн Мачадо Гарримен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетті.

Алайда кездесудің соңына қарай ирландиялық спортшы Шавкатқа қылқындыру әдісін жасап, жанкүйерлерді бір дүр сілкіндірген еді. Яғни, отандасымыз сәл шыдамдылық көрсетпегенде жеңіліске ұшырауы мүмкін еді.

Жекпе-жектің неліктен бұлай ауыр өткенін, отандасымыз неге кездесуді уақытынан бұрын аяқтай алмағанын Kazinform тілшісіне Шавкат Рахмоновтың өкілі Бауыржан Өтәлиев айтып берді.

Оның сөзінше, Шавкаттың жекпе-жекті ауыр өткізуінің көптеген себебі бар.

– Америкаға ұшарға дейін Шавкат аяғынан жарақат алды, медиальды коллатеральді байламы жыртылған екен. Біраз уақыт гипс тағып, секіре де алмай қалған болатын.

Америкаға келгеннен кейін қарсылас болады деп күтілген Белал Мұхамедтің жарақат алып, жекпе-жектен бас тартып жатқанын естідік. Осының бәрі Шавкаттың көңіл-күйіне кері әсер етті. Аяқтан жарақат алғаны аздай, жоспар бұзылды, – дейді Dar Pro Team командасының жетекшісі.

Өтәлиевтің айтуынша, Белал Мұхамед жекпе-жектен бас тартқан соң 20 күн бойы қазақстандық файтер кімнің қарсылас болатынын біле алмаған.

– Біз жаттығып жатқан зал тым үлкен болды, онда әртүрлі ұлт өкілдері топтасқан. Залдың іші өте ыстық, инфекциялық тұрғыдан қауіп бар еді. Қарсыластың кім боларын білмей жүргенімізде Шавкаттың денесі жаттығулардан кейін тітіркеніп, инфекцияның алғашқы белгілері байқалғандай болды. Дәрігерлер бізге осы кезеңнен өту үшін антибиотиктер ішуді ұсынды. Денесінде сәл әлсіздік байқалса, адам қанша тырысса да 100 пайыздық қалыпта жаттығу жасай алмайды. Физикалық дайындықты ұстап тұрып, төзімділікті арттыру үшін Шавкат амалсыз антибиотиктер қабылдады, – дейді ол.

Сондай-ақ Бауыржан Өтәлиев Шавкат ирландиялықпен кездесуге аяғынан алған жарақаты әлі толық айықпаған күйде шыққанын алға тартты.

– Алға қарай тіке жүрсе сезілмейді, бірақ жанымен қимылдай бастаса аяғы ауыратын. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін сараптап қарасақ, Шавкат физикалық дайындығының 60-70 пайыз деңгейімен ғана шыққан екен. Оның жарақатынан қарсылас та хабарсыз болмағаны анық. Осыған қарамастан, қиынға соққан жекпе-жекте Шавкат үмітті ақтады, – деп түйіндеді ол.