Несие алу – бүгінгі күні көпшілік үшін үйреншікті шешім. Ақшаны дәл қазір алып, кейін бөліп төлеу оңай көрінеді. Алайда көп жағдайда қарыз алушылар нақты қанша артық төлеп жатқанын аңғармайды. Себебі несие құны тек пайыздық мөлшерлемемен шектелмейді, оның астарында қосымша төлемдер мен шарттар жатады, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, көпшілік жіберетін басты қателік – тек номиналды пайыздық мөлшерлемеге қарау. Ал шын мәнінде несиенің нақты құнын тиімді мөлшерлеме көрсетеді. Оның құрамына комиссиялар, сақтандыру және өзге де қосымша төлемдер кіреді. Яғни, дәл осы көрсеткіш қарыздың қаншалықты қымбатқа түсетінін айқындайды.
«Көпшілік пайыздық мөлшерлемені ғана негізге алады. Алайда несиенің нақты құны тиімді мөлшерлеме арқылы анықталады. Оның ішінде барлық қосымша төлемдер қамтылады. Сондықтан қарыз алмас бұрын дәл осы көрсеткішке мән беру қажет», делінген агенттік түсіндірмесінде.
Несие шарттарында көзге бірден байқала бермейтін шығындар да бар. Мәселен, кей банктер қарызды рәсімдеу, қызмет көрсету немесе мерзімінен бұрын өтеу үшін қосымша комиссия белгілейді. Бұл төлемдер шартта жазылғанымен, көп жағдайда клиент оны толық түсінбей қол қояды. Нәтижесінде бастапқыда тиімді көрінген несие кейін әлдеқайда қымбатқа түседі.
Тағы бір маңызды мәселе – сақтандыру. Көп жағдайда қарызбен бірге өмірді, денсаулықты немесе мүлікті сақтандыру ұсынылады. Қағаз жүзінде бұл ерікті қызмет болғанымен, іс жүзінде онсыз несие шарттары тиімсіз болып кетуі мүмкін. Соның салдарынан қарыз алушы қосымша шығынға тап болады.
Несие төлеу кестесі де шешуші рөл атқарады. Онда төлем мерзімі мен сомасы нақты көрсетіледі. Бұл кесте қарызды басқаруға көмектесетін негізгі құрал. Егер адам өз төлемін уақытында жасамаса, айыппұл мен өсімпұл қосылып, берешек көлемі тез ұлғаяды.
«Кредит келісімшартына қол қою – жай ғана формальді рәсім емес. Егер шарт түсініксіз болса, асықпай зерттеп, қажет болса маманнан кеңес алған дұрыс. Қарыз алуда бастысы – жылдамдық емес, түсінік», деп ескертеді мамандар.
Демек несиенің басты қаупі – оның қарапайым көрінуінде. Адам шарттың ұсақ тұстарына мән бермеген сайын, артық төлем көлемі арта береді. Сондықтан әрбір тармақты мұқият қарап, барлық төлемді алдын ала есептеу қажет.