Таяу Шығыстағы шиеленіс уақытша саябырсығанымен, Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай әлем экономикасына әлі де ықпал етіп отыр. Бұл тар өткелдегі кез келген тұрақсыздық мұнай бағасымен ғана шектелмей, газ, тыңайтқыш және азық-түлік нарығына дейін әсер ететіні анық. Ал мұндай өзгерістердің салқыны Қазақстан сияқты аграрлық елдерге де жетпей қоймайды, деп жазады Ozgeris.info.
Таяу Шығыстағы шиеленіс уақытша бәсеңдеді. Иран мен АҚШ екі аптаға созылатын бітімге келіп, Ормұз бұғазында әскери әрекеттерді тоқтатуға уағдаласты. Бұл келісім әлемдік энергетика нарығы мен халықаралық сауда үшін стратегиялық маңызы бар теңіз дәлізінің қайта ашылуына жол ашты.
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Тегеранның Ормұз бұғазын қайта ашуға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам АҚШ пен оның одақтастары Иранның ұлттық инфрақұрылымына бағытталған әскери соққыларды тоқтатқан жағдайда ғана жүзеге асады. Яғни, келісімнің басты шарты – өзара әскери қысымды уақытша тоқтату.
Ақпаратқа сәйкес, келісім мерзімі аяқталуға екі сағат қалғанда, АҚШ тарапынан Ирандағы көпірлер мен электр станцияларына соққы беру жоспарланған. Дәл осы сәтте бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трамп келісімнің жасалғанын растаған. Бұл келіссөздердің соңғы сәтке дейін күрделі әрі шиеленісті жағдайда өткенін көрсетеді.
Екі апталық бітім кезеңінде Ормұз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қайта жанданады. Алайда теңіздегі қауіпсіздік толықтай Иран күштерінің техникалық бақылауында болады. Бұл – Тегеранның өңірдегі ықпалын сақтап қалуға тырысқанын аңғартады. Сонымен қатар Израиль де атысты тоқтату талаптарын орындауға міндеттеме алған.
Ормұз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының ең маңызды артерияларының бірі. Күн сайын бұл бағыт арқылы әлемдік мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі өтеді. Сондықтан бұғаздың жабылуы немесе ашылуы жаһандық нарыққа тікелей әсер етеді. Соңғы күндері бұғаз төңірегіндегі шиеленіс мұнай бағасының құбылуына себеп болған еді.

The New York Times басылымының мәліметінше, Иран билігі бұғаз арқылы өтетін әрбір кемеден шамамен 2 миллион доллар көлемінде алым алуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат Оманмен бірлесіп бөлініп, әскери қақтығыс салдарынан қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Осылайша, Тегеран тікелей өтемақы талап етпей-ақ, жанама қаржылық тетіктер арқылы шығынды өтеуді көздеп отыр.
Сарапшылар бұл келісімді уақытша тыныс алу кезеңі ретінде бағалайды. Өйткені тараптар арасындағы қайшылық түбегейлі шешілген жоқ. Дегенмен қысқа мерзімді бітімнің өзі әлемдік энергетика нарығына тұрақтылық әкеліп, теңіздегі сауда қатынасын қайта жандандыруға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, Ормұз бұғазының қайта ашылуы – тек аймақтық емес, жаһандық маңызы бар оқиға. Бұл келісім уақытша болса да, халықаралық сауда мен энергия қауіпсіздігіне оң әсер етуі мүмкін. Алайда екі аптадан кейінгі жағдай тараптардың келісімді қаншалықты сақтай алатынына байланысты болмақ.
Таяу Шығыстағы шиеленістің салдары тек мұнай бағасымен шектелмейді. Ормұз бұғазының жабылуы жаһандық деңгейде әлдеқайда күрделі дағдарысқа – азық-түлік тапшылығына алып келуі мүмкін. Сарапшылар бұл жағдайдың энергетикамен қатар ауыл шаруашылығы мен бүкіл әлемдік нарыққа тікелей әсер ететінін айтып дабыл қағуда.
Energy Monitor қорының жетекшісі, мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мәселенің ауқымы көпшілік ойлағаннан әлдеқайда кең.
«Ормұз бұғазының жабылуы әлемде аштық қаупін туғызуы мүмкін. Бұл тек бидай немесе күріш тиеген кемелердің бөгелуіне ғана байланысты емес. Негізгі мәселе – газ бағасының күрт өсуі. Ал газ – азот тыңайтқыштары мен карбамид өндірісінің басты шикізаты. Газ қымбаттаған сайын тыңайтқыш өндіру тиімсіз бола бастайды. Қазірдің өзінде егіс науқаны қарсаңында көптеген зауыттар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бұл тікелей ауыл шаруашылығына соққы болып тиеді», дейді сарапшы «Егемен Қазақстан» сайтына берген берген пікірінде.

Оның айтуынша, бұғаздың бұғатталуы тек энергия тасымалына ғана емес, тыңайтқыш өндірісі мен жеткізілуіне де ауыр әсер еткен. Соның салдарынан әлемдік нарықта карбамид бағасы 40 пайызға дейін өскен. Ал өндірілген тыңайтқыштың едәуір бөлігі дәл осы Ормұз бұғазында бөгеліп қалған.
«Азот тыңайтқыштары әлемдегі азық-түліктің шамамен жартысын өндіруге негіз болады. Егер олардың жеткізілімі бұзылса, бұл бір ғана аймаққа емес, бірнеше континентке әсер етеді. Бүгінде тыңайтқышқа тәуелді елдер – Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Латын Америкасы елдері күрделі жағдайға тап болып отыр. Жанармай қымбаттап, тыңайтқыш қолжетімсіз болып барады. Бұл алдағы егіннің көлеміне тікелей әсер етеді», деп түсіндіреді Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшы Ормұз бұғазының стратегиялық маңызын нақты деректермен де айқындап берді. Оның айтуынша, бұл дәліз арқылы әлемдік аммиак экспортының 21 пайызы, карбамидтің үштен бірі және күкірттің шамамен 46 пайызы тасымалданады. Бұл өнімдердің негізгі тұтынушысы – Азия-Тынық мұхиты аймағы. Мәселен, осы өңірге жеткізілетін карбамидтің 48 пайызы, аммиактың 71 пайызы және күкірттің 70 пайызы дәл осы бұғаз арқылы өтеді.
«Бұл көрсеткіштер Ормұз бұғазының тек энергетика үшін ғана емес, тыңайтқыш пен ауыл шаруашылығына қажетті негізгі шикізат үшін де қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Егер бұл артерия ұзақ уақытқа жабылса, тыңайтқыштың жартысы тұтынушыға жетпей қалуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының күрт өсуіне және жаһандық дағдарысқа алып келеді», дейді ол.

Бұл қауіп әсіресе импортқа тәуелді елдер үшін аса өзекті. Еуропалық Одақ тыңайтқыштың ірі тұтынушысы болса, Бахрейн, Кувейт және Сауд Арабиясы сияқты елдер азық-түлікті сырттан тасымалдауға тәуелді. Ал Үндістан, Бангладеш, Индонезия, Таиланд және Африка елдері тыңайтқышсыз өз халқын қажетті көлемде азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды.
Сарапшылардың пікірінше, Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай тек аймақтық мәселе емес. Бұл – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан мұндай тәуекелдер халықаралық деңгейде шұғыл әрі үйлесімді әрекетті талап етеді.
Tengenomika арнасының мәліметінше, Ормұз бұғазы арқылы әлемдегі теңізбен тасымалданатын мұнайдың шамамен 20–25 пайызы өтеді. Сонымен қатар сұйытылған табиғи газдың (сұйық күйге келтірілген газ – тасымалдауға ыңғайлы отын түрі) әлемдік саудасының бестен бір бөлігі осы бағыт арқылы жүзеге асады. Бұл – Парсы шығанағын жаһандық энергетикамен жалғап тұрған басты қақпа. Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Иран секілді ірі өндіруші елдердің ресурстары дәл осы бұғаз арқылы экспортталады.
Сарапшылардың айтуынша, Ормұздағы кез келген шектеу ең алдымен энергия бағасына әсер етеді. Ал энергия – ауыл шаруашылығының да негізгі тірегі.
«Ормұз бұғазы тек мұнай жолы емес. Бұл – энергия, химия және аграрлық тізбектер тоғысқан стратегиялық нүкте. Егер осы өткелде қозғалыс шектелсе, ең алдымен газ бағасы өседі. Ал газ – азотты тыңайтқыш өндірісінің негізгі шикізаты. Соның салдарынан тыңайтқыш қымбаттайды, ал бұл ауыл шаруашылығына тікелей әсер етеді», деп жазады Tengenomika.

Азотты тыңайтқыштар – әлемдегі егін өнімділігінің негізгі факторы. Олар аммиак өндірісі арқылы алынады. Бұл процесс ғылымда Габер-Бош әдісі деп аталады. Оның мәні – табиғи газдан алынатын сутек арқылы аммиак өндіру. Осы себепті тыңайтқыштың өзіндік құнының 70–90 пайызы газ бағасына тәуелді.
«Тыңайтқыштың бағасы – жай ғана химия өндірісінің көрсеткіші емес. Бұл – бүкіл ауыл шаруашылығының экономикалық негізі. Газ қымбаттаса, тыңайтқыш қымбаттайды. Ал тыңайтқыш қымбаттаса, фермердің шығыны өседі. Соның салдарынан егіннің өзіндік құны артып, түпкілікті өнім – азық-түлік бағасы көтеріледі», деп түсіндіреді сарапшылар.
Ормұз бұғазының маңызы тек азотты тыңайтқыштармен шектелмейді. Фосфатты тыңайтқыштар да осы өңірмен тығыз байланысты. Мысалы, диаммоний фосфаты (DAP – күрделі тыңайтқыш) және үшсуперфосфат (TSP – фосфорға бай тыңайтқыш) сияқты өнімдер Сауд Арабиясы, Иордания және Мысырда өндіріледі. Бұл өндіріс те энергияға және теңіз жолдарының тұрақтылығына тәуелді.
Деректерге сүйенсек, Парсы шығанағы арқылы әлемдік күкірт саудасының шамамен 44 пайызы, карбамидтің 31 пайызы, аммиактың 18 пайызы және фосфаттардың 15 пайызы тасымалданады. Бұл көрсеткіштер Ормұз бұғазының тек энергетика үшін емес, ауыл шаруашылығына қажетті негізгі ресурстар үшін де шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
Мұндай жаһандық өзгерістер Қазақстанға да әсер етеді. Себебі еліміз – астық экспорттайтын ірі аграрлық мемлекет. Тыңайтқыш бағасының өсуі фермерлердің шығынын арттырады. Ал бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына және нарықтағы бағаға әсер етеді.
«Қазақстан үшін бұл – жанама болса да өте маңызды фактор. Егер тыңайтқыш қымбаттаса, фермердің шығыны өседі. Ал шығын өскен жерде өнімнің бағасы да көтеріледі. Бұл тек ішкі нарыққа емес, экспорттық әлеуетке де әсер етеді. Сондықтан Ормұздағы жағдайды тек сыртқы саясат деп қарауға болмайды – бұл біздің ауыл шаруашылығымызға да тікелей қатысты мәселе», дейді сарапшылар.