Құмар ойынның шырмауынан әрең шыққан Бағлан Әбдірайымов бір жылда басынан өткенін ашық айтып берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Бір жарым жылдың ішінде күл-талқаным шығып кетті ғой. Өткенде отырып есептесем, 500 мың доллардай кетіп қалыпты – бүкіл қарыз бен берген дүние-мүлкім бәрін қосқанда. Ал мен өзім үйде 45 мың доллардай жинаған адаммын ғой», – деді әнші Әйгерім Сейфолланың «Сырласу» бағдарламасына берген сұхбатында.
Айтуынша, ол өзін тоқтатудың түрлі жолдарын қарастырған.
«Сол тізіліп тұрған бүкіл ғимараттардың бәріне кіріп, әкімшіліктерін шақырып: «Маған келесі келген кезде кіре алмайтындай етіп есікті жабыңыздар», – деп өтініп, аралап шықтым. Бұл әрекетім арқылы олар есігін жапты ма, жоқ па—білмеймін, бірақ санамның есігін осы әрекеттіммен ақырындап жаптым», – деді Бағлан.
Ол Алматыға көшкеннен кейін қоғамнан оқшауланып, той-томалақ, концерттер, достарының қуаныштары мен туған күндері өзіне маңызды болмай қалғанын айтты.
«Кейін ақырындап сол ортаға қайта кірісе бастадым. Өмірді жақсы көретін, кәсіппен айналысатын, үнемі оқып, білім іздейтін адамдардың ортасында жүруге талпындым», – деп түйіндеді әнші.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру