Күні кеше мектептерде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, түлектер оқу жылын салтанатты түрде тәмамдады. Алдағы емтиханға енген өзгерістер тек талапкерлерді ғана емес, ата-аналар мен ұстаздарды да бей-жай қалдырмады. Мамырдың 16-нан басталған ҰБТ-ның алғашқы легіндегі қорытындылар мен нәтижелер ендігі жарияланып та үлгерді. Алайда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озатындай сынақта сүрінбей өту бәріне бірдей бұйырмасы хақ. Білімді жастарды қолдап, білікті маман шығару үшін де биылғы жылғы сынаққа біраз жаңа талаптар енген болатын.
Атап өтсек:
- Түлектер екі бірдей ҰБТ нәтижесімен грант байқауына қатыса алады.
- Педагогикалық мамандыққа баратын талапкерлердің шекті балы 75 тен басталады, олар арнайы тестілеуден өтеді.
- Көру қабілеті төмен оқушыларға берілген уақыттан 40 минутқа ұзартылады.
- ҰБТ тапсырушыны бақылау үшін бір емес, екі бірдей камера қойылып, биыл видеожазба мен қатар аудиожазба да жазылатын болады.
- Талапкер бірінші ҰБТ-да тыйым салынған затпен ұсталса, екінші сынаққа кіргізілмейді.
Осыған байланысты, «Қазбілім» Республикалық орталығының бас директоры Оразбек Абсаттар тестілеудегі бірнеше ерекшеліктерді атап өтіп, Алтын белгі иегерлеріне арналған талаптар жөніндегі пікірлерге тоқталды:
Биыл алтын белгі иегерлеріне арналған «Алгебра – қазақ тілінен тестілеу» атты жоба қарастырылды. Алайда министірліктің шешімімен ол жоба келер жылдан бастап жүзеге асырылады. Десе де, Алтын белгіні оқушылар ақтағаны дұрыс, олай болмаса, бұл іске мектеп әкімшілігі бәрібір де тікелей жауапты екенін назардан тыс қалдырмаған абзал
Сонымен қатар осы жылғы тестілеу бойынша, 54 мың түлек сынақ тестін тапсырып, оның 66% -ы шекті балл жинаған. Соңғы аптаның қорытындысы бойынша, ҰБТ-дағы ең көп тапсырылған пән математика-физика бейіндік пәні болды. Ол – 27 % -ды қамтып, биология-химияны таңдағандар – 17 %, шығармашылық емтихан тапсырушылар – 15% -ды құрады.
Біз өз кезегімізде, талапкерлерге сәттілік тілей отырып, сынақтан сүрінбей өтуіне тілектеспіз!
Батталова Мақпал
ПІКІР ЖАЗУ