Қазақстан ешқашан «Ежелгі Русьтің жері» болған емес…

Қазақстан ешқашан «Ежелгі Русьтің жері» болған емес немесе Қазақстан Ресей империясына қалай «қосылды»?
2022 жылдың 7 қаңтар күні, яғни, Православиелік христиндардың басты Діни (Рождество) мерекесі кезінде, республикада жаппай митингілер мен шерулерге тұспа-тұс келген жағдайда және Қазақстанға ҰҚШҰ (ОДКБ) әскери күштерін енгізу барысында «Бүкіл Русь пен Мәскеу» патриархы Кирилл өзінің жалғыз және достық қарым-қатынастағы көршісі (Ресеймен одақтас Белоруссияны есептемегенде) Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты шындыққа жанаспайтын деректерді келтіріп, жағымсыз пікір айтты. Патриарх Тәуелсіз Қазақстанды «Тарихи Русьтің аумағы» деп атап кетті!? Анығында, бұл тарихи шындыққа жанаспайтыны былай тұрсын, оның үстіне мемлекетаралық және мемлекет ішіндегі керағар қатынастарды туындататын өте қауіпті идея болып табылады.
Православиелік христиан басшысының Қазақстан атына жазылған арандатушылық пікірін, бұрын — Владимир Гундяев деп өзін атаған, ал қазіргі – «Бүкіл Русь және Мәскеу Патриархы Кириллдің» қатардағы және жеке пікіріне немесе мәлімдемесіне жатқыза салуға болар еді. Бірақ…
Алайда, біздің ойымызша, бұл пікір кездейсоқ айтылмаған, бұл тұрақты түрде, арнайы ойластырылған, әлі күнге тоқтаусыз жүріп жатқан тізбектің көрінісі, Қазақстанға арандатушылық туындату мақсатында жасалынған қадам деп білеміз. Ел басына мұндай ауыр кезеңдер туындаған жағдайда адал пиғылды және таза ниетті ұстанған көршілер бұндай әрекетке бармау керек! Бұл оның жеке идеясы ма, әлде біреу құлағына құпия түрде «сыбырлады ма?», — бұл маңызды емес!
Осыған байланысты Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлына – Ресей Патриархының мемлекетаралық мәселелердегі қате және өте қауіпті пікірлерімен мүлде келіспейтіндігін мәлімдеген үшін — ерекше риза болғанымды атап өткім келеді! Бірақ біздің бас мүфтидің бұл мәселеге деген пікірі республикада орын алған қайғылы қаңтар оқиғасының аясында қалың жұртшылыққа жетпей қалды…
Біздің көрші елдің патриархына және сол секілді басқа ресейлік «қайраткерлерге» арналған Қазақстан тарихына шолу жасап, шағын «тарихи-ағартушылық» талдауымыз ешкімді де, оның ішінде — ресейліктердің діни сезімдерін қорлау немесе бүлдіру мақсатын көздемейтінімді ашық айта кетпекшімін!
Біздің сөздеріміз көрші Ресейге, олардан бүрынғы қазақ жерлерін қайтару талаптарын қоюға да бағытталған жоқ: біз шекарамызды делимитациялау және демаркациялау рәсімдерін іс жүзінде аяқтап та қалдық. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда екі елдің арасында жер таласы ешкімге керек емес!
Қазақ халқының дәстүрлі табиғи мінез-құлық ерекшеліктеріндегі байсалдылық пен сабырлық қасиеттерін ұстана отырып, бұл жолы үндемеуді ойладым, бірақ қолымнан келмеді… Мұндай жағдайларда үндемей қала берсек, арандатушы-«қайраткерлердің» (Штыгашев, Никонов, Федоров, Жириновский, Мединский, Зюганов, Рогозин, Бородай, Калашников, Миронов, Хамраев, Гундяев және басқалар) саны арта түспек. Мысалы, бір күн бұрын (2022 жылғы 06 қаңтар) РФ МД (Мемлекеттік Дума) депутаты Хамраев (Дағыстаннан) Қазақстанды Ресейге қосуға шақырды (оның сөзін сөзбе-сөз келтірсек: «Қазақстанның тарихи отаны – Ресеймен бірігуі туралы Қазақстанда референдум өткізуді қолдаймын»). Сол күні оның МД-дағы басқа «әріптесі» Калашников әлдебір «ҰҚШҰ (оысша нұсқасы — ОДКБ) бітімгерлерінің Қазақстанда тұрақты орналасуы туралы идеяны қолдады». Бұл не деген сандырақ, ойға қонымсыз дүние?!!!
Ия бұл – ұстаным көрінісі. Олар өздерінің жеке бастық немесе жекеленген пікірлері дегенмен бүркемеленеді, бірақ сонымен қатар олар өте жоғары және жауапты мемлекеттік және діни лауазымдарды иеленуді жалғастыруда. Ешкім оларға жоғарыдан «тәйт» деп тыйым салмайды. Олардың тарапынан бізден ашық түрде кешірім сұралмауда. Ал Патриарх тарапынан Ресей діндарларының санасын арнайы түрде неғұрлым терең өңдеу жүріп жатқан секілді, әрине, олар Қазақстан тарихынан мүлдем бейхабар болса да… Міне, мәселе қайда!?
І. ҚАЗАҚСТАН ЕШҚАШАН «ЕЖЕЛГІ РУСЬТІҢ ТАРИХИ АУМАҒЫНА» ЕНГЕН ЕМЕС
Қазақстан ешқашан уақытша кеңістікте де, саяси-әкімшілік өлшемде де, конфессиялық жағдайда да IX ғасыр үлгісіндегі және орта ғасырдың кейінгі бірнеше ғасырларындағы «Тарихи Русьтің аумағында» ешқашан болған емес:
1. Қазақстан біздің арғы ата-бабаларымыз – сақтар, ғұндар және ерекше діни көзқарастары бар ортағасырлық түркі қағанаттары заманынан бері 2500 жылға жуық уақыт бойы мемлекеттік дәстүрге ие болған. Бұл кезеңде христиандық пен Киев Русі де тарихи сахнада мүлдем болмаған.
2. Орталығы Киевте орналасқан Киев Русі (қазіргі тәуелсіз және егемен Украинаның астанасы) тек IX ғасырда пайда болды, сол кезеңдерде «тарихи Ресейдің аумағы» туралы айтқанда оның қазіргі Қазақстанның алып жатқан территориямен ешқандай ортақ шекарасы болмағаны анық.
3. Христиан діні Ресейге тек 988 жылы князь Владимирдің кезінде ғана енді. Оның үстіне «тарихи Русь аумағында» шоқыну басталғанға дейін 200 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан аумағында соңғы және ірі синкретикалық әлемдік діндердің бірі – ислам діні орныққан болатын. Сонымен, осы тұста Патриарх Кирилдің арифметикадан да, тарихтан да хабарсыз екендігі айқын.
4. Сонымен қатар, шашыраңқы ескі орыс князьдіктері бірқатар қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде ең алдымен дала қазақтарының ата-бабалары құраған орта ғасырдағы ең үлкен империя Алтын Орда мен оның құрамдас бөліктерінің (XIII — сер.XV) қарамағына бағынышты болды. Айтпақшы, Шыңғысханның ұлы Жошының сүйегі – қазіргі Қазақстан аумағында (Қарағанды облысының Ұлытау ауданы), ал Алтын Орданың әкімшілік және мәдени орталықтарының бірі – Сарайшық қазіргі Атырау облысының аумағында орналасқан. Қазақ хандары өздерін Алтын Орданың билеушілерінен еш уақытта да ажыратпаған, әрқашан өздерін Шыңғысханның басты билеушілері және тағының бас мүрагерлері ретінде санаған. Оны көрші елдің патшалары да ашық мойындаған. Ең бастысы: қазірде Қазақстан аумағында Шыңғыс хан ұрпақтарының ең үлкен тобы – ер-азаматтар жағынан алғанда 20 мыңнан астам адам тұрады…
Сондықтан, тарихи Русь «тарихи Даланың аумағы» болуы мүмкін, бірақ керісінше емес, православиелық Патриархы осы тұста оңбай қателеседі.
ІІ. ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНА ҚАЛАЙ «ҚОСЫЛДЫ» ЖӘНЕ ОНЫҢ БІР БӨЛІГІНЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?
Мүмкін, Патриарх Кирилдің асығыс түрде қазіргі Қазақстанның тарихи жағынан ертедегі Ресейдің территориясына енген XVIII-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның ерікті-мәжбүрлі «ену» дәуірін айтқанын білмей отыр ма?!
Олай болса, біз қазақтар мен ресейліктердің неғұрлым белсенді байланыстары орын алған I Петр (1721 жылдан бастап – Ресей империясының бірінші императоры) дәуірінен бастап қысқаша талдау жасап көрейік. Бірақ сол кездің өзінде Ресей империясының мемлекет билеушілерінің Қазақ хандығын «Русьтің тарихи аумағы» деп атау мен санау тіпті санасына да кіріп те шықпаған:
1. 1731 жылдан 1822-1824 жылдар аралығындағы кезеңде Ресей империясы, әскери күшпен, сұлтан — хан элитасын тікелей паралау (сатып алу) арқылы, кейде бопсалау, күш көрсету, алдап-арбау, қазақтарды және Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, жоңғарлармен және орыс казактарымен бір-біріне айдап салу жолдарымен Кіші жүзде (1824 ж.) сұлтан-билеушілердің және Орта жүзде аға сұлтандардың (1822 ж.) қуыршақ лауазымдарын енгізе отырып, біртіндеп қазіргі Қазақстанның едәуір бөлігін кезең-кезеңімен қосып, бағындырды. Хандық билікті солай жойды.
2. Қазақстанның «тарихи Ресей империясы мен РКФСР аумағына» (1936 жылдан — КСРО) айналуына қарсы қазақтар патша және кеңес заманында 400-ге жуық көтеріліс жасады, оған басқа халықтардың өкілдері, соның ішінде орыс халқының өкілдері де қатысты.
3. 1897 жылғы Ресей империясының халық санағы бойынша Қазақстан аумағында шамамен 4,9 млн.адам тұрды, олардың 81% – ы этникалық қазақтар болды.
4. Столыпинның аграрлық реформасы тұсында (1906-1912 жж.) Қазақстан аумағына 2 миллионға жуық ресей шаруалары қазақтардың келісімінсіз біржақты түрде қоныс аударды және Қазақстанды «тарихи Русь жеріне» айналдыру үшін дала жерлерін пайдаланудан 45 миллион десятинаға жуық аса құнарлы жерлерді тартып алды.
5. 1881 жылы Ресей империясы өз миссионерлері арқылы («Филарет Синьковскийлар» сияқты) жергілікті қазақтарды православиелік дінге ауысуға іс әрекет жасады, бірақ ешбір нәтижесіз аяқталған «Қырғыз (қазақ – авт.) діни миссиясы» құрылды. 1897 жылғы Ресей империясының жалпы халық санағы бойынша 6 далалық Қазақ облыстарының аумағында 4 миллионнан астам қазақтар тұратын аймақта шоқындырылған неофиттік қазақтардың бар болғаны 660-ы ғана тіркелген, бұл бізді «тарихи Русь аумағына» (өлкедегі барлық қазақ халқының 0,017% — ы) қатысты деп атауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар исламға қайта оралғандарды ұмытпағанымыз жөн.
6. 80 жылға жуық уақыт бойы (1752 жылдан 1835 жылға дейін) қазақтардың жерлерді басып алу және Ресей империясының құрамына байырғы қазақ жерлерін күштеп қосу (аннексиялау) үш ірі жағдайы орын алды:
— 1752-1755 жылдары Қазақ хандығының солтүстік бөлігінде қазақтардың жоңғарлармен қатаң және соңғы әскери қақтығысы кезеңінде Ресей біржақты шекарасын Қазақстанның солтүстік бөлігіне жылжыту арқылы қазақтың арғын, кыпшақ және керей тайпаларының бір бөлігін ежелден мекендеген жерлерден күштеп көшіре отырып, қазіргі Түркістан облысының аумағына тең Новоишим ауданы – үлкен жер иелігін тартып алды. Бұған дейінгі (1752 жылға дейін) Батыс Сібірдегі қазақтар мен Ресейдің жаңа иеліктерінің шекаралары: Қорған қаласының жанында, Тобольск қаласының оңтүстігінде және Тара қаласының батыс бөлігіне жақын маңда өтті (мысалы, қазіргі уақытта Тара қаласы қазіргі Қазақстанның Петропавл қаласынан 500 км жоғары орналасқан).
— 1810-1822 жылдары Қазақ хандығының солтүстік бөлігіндегі Кіші жүзде хандық биліктің әлсіреуі жағдайында Ресей империясы біржақты тәртіппен 3 400 000 десятинадан астам құнарлы қазақ жерлерін қайтадан тартып алып Жаңаилецк ауданын құрып, кейіннен ол сол кездегі ауқымды Орынбор губерниясының төрттен бір бөлігін құрады. Жергілікті қазақтар ол жерлерден тағыда күштеп көшірілді.
— 1835 жылы Орта және Кіші жүз территорияларында хандық билік жойылғаннан кейін Ресей империясы біржақты тәртіппен тағы да аса қазақтың құнарлы жерлердің 400 000 десятинасын тартып алып, Новолинейный ауданын құрды. Байырғы қазақтарды ығыстыруға кірісті…
Осы жерлердің барлығы қазақ жерінің бір бөлігін «тарихи Русь территориясына» айналдыра алады ма? Патриархтың өзі бұл туралы біле ме? Мүмкін, ол осы жерлерді айтқан болар… Бірақ қатты қателесті: бұл аудандар сол кезеңнен бастап қазіргі Ресейдің аумағына (Челябі, Орынбор, Қорған, Тюмень және Омбы облыстарының оңтүстік бөліктері) еніп кеткен еді. Міне, сондықтан, біз Патриархқа жер мәселелерді қозғамауға кеңес берер едік…
ІІІ. КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ОНЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ҚАСІРЕТІ001
Кеңестік Ресей – Ресей империясының тікелей мұрагері болды. Қазақ автономиялық республикасының (1936 жылдан бастап – одақтық республиканың) РКФСР және одан кейін КСРО құрамында болуының алғашқы үш онжылдығы қарама-қайшылыққа толы болды: 1920 жылы Қазақ мемлекеттілігінің формалды түрде қалпына келуі, жаңа қалалардың пайда болуы, экономиканың, білімнің, мәдениеттің, ғылымның және т. б. салалардың біршама ілгері дамуы орын алғанын ешкім жоққа шығармайды, бірақ еленбеген жағымсыз тұстары да аз болған жоқ, әсіресе большевиктік биліктің алғашқы үш онжылдығын айтуға болады. Тіпті, 1 адамның өмірі осынау «жаңашыл жаңалықтардан» құнды болып табылады:
1.1921-1922 жылдардағы аштық автономиялық республиканың 1 миллион тұрғынының, оның ішінде түрлі ұлт өкілдерінің өмірін жалмады. Айтпақшы, әділеттілік үшін: аштық көптеген басқа республикаларда, соның ішінде Ресейдің өзінде де болды…
2. 1928 жылы 1054 қазақтың бай шаруашылықтарының мал-мүлкі тәркіленіп, олардың өздері және отбасы мүшелері бастапқы тұратын аудандарынан тыс жерлерге, тіпті КСРО-ның басқа республикаларына жер аударылды.
3. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында республикадан 20 мыңға жуық қазақстандық кулактар – орыстар, украиндар, белорустар, соның ішінде өлкеден тыс жерлерге де күшпен жер аударылды.
4. ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Молдовадан 365 мыңға жуық кулактар республикаға күштеп қоныстандырылды… Қазақстан аумағында ондаған «кулак» колхоздары және тіпті бүкіл кулактардан тұратын тұтас аудандары да пайда болды (мысалы, Осакаров ауданы).
5. 1931-1933 жылдардағы жаппай және зұлмат аштық жылдарында Қазақстан 2,5 миллион қазақ халқынан және басқа халықтардың 200 мың өкілінен айырылды: бұл 1938 жылғы Қазақ ССР НКВД-сының құпиясыздандырылған және толық емес мәліметі.
6. Толық емес мәліметтерге сүйенсек, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары Қазақ КСР-нің 100 мыңнан астам азаматы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған: бұл көрсеткіш Орта Азияның қалған 4 республикасымен бірге алынған санынан асып түседі…
7. 1936-1945 жылдары 1 миллионнан астам азамат, оның ішінде тұтас халықтар (немістер, кәрістер, шешендер, ингуштар, қалмақтар, қарашайлар, месхетин түріктері, Қырым татарлары және т.б.) күштеп республикамызға қоныс аударды. Олардың он мыңдағаны Қазақстанға барар жолда тауар вагондарында қаза тапты…
8. XX ғасырдың 20-50 жылдарында Қазақстан лагерлері арқылы 2 миллионнан астам тұтқын, негізінен саяси, ал олардың едәуір бөлігі –этникалық орыстар, қазіргі Ресей православиялық Патриархы діндарларының жерлестері…Айтпақшы, патриархтың әкесі мен атасы да сталиндік лагерьлер арқылы өткен болатынын еске ұстаған абзал.
Мүмкін ресейлік патриарх Кирилл біздің ортақ тарихымыздың қасіретті беттерін ұстана отырып, бізді «тарихи Ресейдің аумағына» қайтадан айлакерлік әдіспен «енгізуге» тырысқан болар? Өкінішке орай, Қазақстан халқы өзіндік дара жолымен жүруді таңдайды және де солай болашақта болады.
IV. БІЗ ҚАЗІРГІ РЕСЕЙМЕН БЕЙБІТ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАТУҒА ТИІСПІЗ
Бізде Ресеймен ортақ 7500 шақырым шекарамыз бар: әлемде мұндай үлгі боларлықтай ешбір мысал жоқ. 30 жыл бойы біз Ресеймен бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келе жатырмыз, 1998 жылы Мәңгілік достық пен одақтастық туралы келісім жасасқанбыз. Біз үшін пайдалы тұсы көп болмаса да, бір Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақта біргеміз, бұл туралы 2014 жылы: экономикалық тұрғыдан өте күмәнді бірлестіктің «пайдалылығы» туралы бізді «сендірген» өзіміздің шенеуніктер болатын. Жыл сайын Ресейде колледждер мен жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық қазақстандық жастар білім алады. Қазақстанда Ресейдің ірі жоғары оқу орындарының филиалдары бар. Бүгінде орыс тілі мен орыс халқының мәдениеті мемлекеттік тілдің күшеюі аясында біздің өміріміздің бір бөлігіне айналып отыр. Қазақстан азаматтары – негізінен қостілді. Шекараның екі жағында да миллиондаған қазақ және орыс халқы тұрады.
1812 жылғы Отан соғысында мыңдаған қазақтар орыс әскерінің жағында соғысып, Мәскеуді фрацуздардан азат етуде ерлік көрсетіп, Парижге дейін жетті. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар кезінде олар да орыс халқының жағында болды. Мәселен, Мәскеуді Қазақстанда қазақтар мен қырғыздар қатарынан жасақталған 316 атқыштар дивизиясы қорғады….
Жалпы біздің халықтарымыз бен тәуелсіз мемлекеттеріміз арасында бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, шекаралардың мызғымастығы және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету қағидаттарына негізделген тату көршілік қатынастар қалыптасқан. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүреміз. Орыс Патриархы Кирилл арандатушылық пиғылдан бас тартып, өзінің уағыздарын басқа бағытта жүргізуі керек деп ойлаймыз…
V. РЕСЕЙДІҢ ЖОҒАРҒЫ БИЛІГІ ӨКІЛДЕРІНІҢ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ДІНИ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ДОСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҰСТАНҒАН ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕГЕН КЕРАҒАР КӨЗҚАРАСТАҒЫ ШАБУЫЛДАРЫНЫҢ САЛДАРЫ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?
Соңғы жылдары Қазақстанға негізсіз аумақтық «наразылықтармен» және «талаптармен» Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің шабуылдары жиілей түсті. Шамасы, біздің депутаттарымыз өздерінің ресейлік әріптестері сияқты қарқындылық пен озбырлықпен жауап беруге батыл жоқ. Мүмкін, бұл – дәстүрлі қазақ ділі мен толеранттылығының ерекшеліктері мен ұстанымы бойынша өз көршілерін ренжіту мен намысын таптамаудың көрінісі болып саналады. Қазақтар әлі де отарлық модельдер кешенінің шеңберінен шыға алмайтын шығар…
Алайда бір мәселе айқын: Ресей империясының Қазақстанға деген отарлық саясатын ескеретін болсақ, Кеңес үкіметінің теріс ықпалынан біздің халқымыздың қасіретін назарға ала отырып, Кирилл сияқты патриархтардың әсерінен Қазақстанға қатысты қазіргі Ресейдің саясаты негізінде қазақтар көп ұзамай Ресейден бас тартып, жалғыз одақтасы мен стратегиялық серіктесінен айрылуы мүмкін.
Ресей мен Қазақстан өзара ынтымақтастықты басты ұстанымға айналдырып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүргені абзал! Басқа мәселенің қажеті де жоқ! Тату көршілік қатынасты ту етіп, арандатушылық әрекеттерге — жол жоқ!

Зиябек Қабылдинов,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор