30 сәуірде өткен акционерлер жиналысында еліміздегі ең ірі қаржы ұйымы 323,5 миллиард теңге дивиденд төлеуге шешім қабылдады. Бұл жаңалықты жай ғана есеп-қисап деп қабылдамаңыз. Бұл – 223 миллиард теңге көлеміндегі “отбасылық дивидендтің” ресми бекітілуі. Яғни, ақшаның дені – Тимур мен Динара Құлыбаевтардың қалтасына кетпек, деп хабарлайды Ozgeris.info.
KASE мәліметінше, Халық банк акционерлеріне бір акция үшін 29,64 теңге дивиденд төлемек. Жалпы сомасы – 323 490 914 502 теңге. Бұл – банктің өткен жылы тапқан 921 миллиард теңге таза пайдасының үштен бірі. Сырттай дауыс беру нәтижесінде қабылданған бұл шешімге қарап, акционерлердің көпшілігі қолдағанын көруге болады. Себебі, көпшілігі – бір отбасының өкілі.
Halyk Bank-тің 69,77% акциясы – Holding Group Almeks JSC компаниясына тиесілі. Ал бұл компанияның түпкі иелері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Қарапайым арифметикаға салсақ, бұл отбасы былтырғы банктің табысынан кемі 223 миллиард теңге дивиденд алады. Ол аз десеңіз, қалған 28% акция – The Bank of New York-тің номиналды ұстауында. Бұл дегеніңіз, шетелдік инвесторлар да аз табыс көріп жатқан жоқ. Бірақ ел ішіндегі ең үлкен үлес – белгілі.
2024 жылғы Forbes тізімінде Тимур мен Динара Құлыбаевтар 5,3 миллиард доллармен Қазақстандағы 566-орындарды бөлісіп тұр. Олардың әрқайсысының байлығы былтырғыдан 0,3 миллиард долларға артқан. Бұл өсім де, міне, банктің дивиденд саясаты арқылы нақты көрініп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру