«Өзімді және болашақ баламды қорғадым»: Күйеуін өлтірген павлодарлық жүкті әйел өз әрекетін қорғану деп қарастыруды талап етті

Павлодарда күйеуін пышақтап өлтірген жүкті әйелге қатысты сот отырысы басталды. Қылмыс қасақана кісі өлтіру ретінде қарастырылып жатыр. Дегенмен сотталушы бұл нұсқамен келіспеді. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қанды оқиға мамыр айында болған. Марқұм досымен бірге Екібастұздағы өзі жұмыс істеген балабақшада ішімдік ішіп отырған. Ал жанжал қызғаныштан басталыпты. Әйелдің сөзінше, күйеуі алдымен ұрып, кейін шығып кеткен. Ал қайтып келгенде қолына пышақ алып, әйелін өлтіретінін айтқан.

«Қасақана әрекет етіп, оң қолындағы пышағын қылмыс қаруы ретінде қолданған ол сол жақ жауырыны маңына соққы жасаған. Салдарынан ер адам оқиға орнында жан тапсырды», – деді мемлекеттік айыптаушы Әсемгүл Истаева.

Дегенмен әйел күйеуінің қолынан пышақты алып, баспалдаққа жүгіргенін айтады. Ал күйеуі оны төмен қарай құлатып жібермек болғанда пышақпен соққы жасаған. Енді 30 жастағы әйел әрекетін өзін-өзі қорғау деп қарастыруды сұрайды.

«Сараптамалардың барлығы жасалды, жағдаяттық сараптама мұны өзін-өзі қорғау деп таныды. Бірақ неліктен бас тартқанын білмеймін. Сараптама менің жағымда, яғни мен өзімді және болашақ баламды қорғадым. Бірақ прокуратура бас тартып отыр», – деді айыпталушы Әсем Әлімбаева.