Шымкентте тұрғындарды қажылыққа апарамыз деп алдаған туристік фирманың директоры сотталды

Шымкентте тұрғындарды Мекке мен Мединаға қажылыққа апарамыз деп алдап, ақшаларын жымқырған Kausar Trevel туристік фирмасының директоры сотталды. Бұл туралы Оtyrar.kz порталы хабарлайды.

Kausar Trevel туристік фирманың директорына жүздеген қазақстандықты алдағаны үшін айып тағылып отыр. Қажылардың әрқайсысы қасиетті жерлерге бару үшін кем дегенде мың доллардан төлеген. Олардың кейбіреулері Қазақстаннан ұшып кете алмаса, басқалары жат мемлекетте баспанасыз, ақшасыз, тамақсыз қалған.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Шымкент қалалық ІІБ-не, құзырлы органдарға арыз жаздым. Бұл іске Бекболат Тілеухановты да қосу керек. Алданған адамдардың ақшасын түгел алып кеткен сол. Бірақ қандай да бір себептермен бұл іс бойынша айыпталмай отыр», — деді сотталушы сот басталар алдында.

Сотта 300-ге жуық куәгер болды. Зардап шеккендер тағы да болуы мүмкін. Прокурор айыпталушыны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді», — деді судья Айнель Орақбаева.

Туристік агенттік директоры өз кінәсін мойындамады.

Еске салсақ, жүздеген адамды қажылыққа апарамын деп далаға тастап кеткен шымкенттік кәсіпкер ұсталған.