Қарағандыда балалардың улануы: қызметінен босатылған дәрігерлер жұмысына қайта оралды

Балалардың улану оқиғасынан кейін Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 10 қызметкері қайтадан өз жұмысына кірісті. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

«Осы факті бойынша облыста комиссия құрылып, оны облыс әкімінің әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары басқарады. Сол кезде бұл медициналық-әлеуметтік мекемеде бала өлімі тіркелген еді. Содан кейін комиссия медицина қызметкерлерін белгілі бір мерзімге жұмыстан шеттету туралы шешім қабылдады», — деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, кеше комиссияның шешімімен аталған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 10 медицина қызметкері өзінің жұмысына қайта кірісті. Қалған екі медицина қызметкері, яғни бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген.