Ақтөбеде әйелімен жанжалдасып қалған ер адам үйінің ауласына шығып, өтіп бара жатқан адамға оқ отқан

Хромтау қаласының 50 жастағы тұрғыны көшеде бейтаныс адамға оқ атты. Ол ішімдік ішіп, әйелімен ұрсып қалған, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

Оқиға түнде сағат 02:00 шамасында тіркелді.

Полицияның 102 пультіне Хромтау қаласы Жұбанов көшесіндегі үйдің ауласында белгісіз адамға оқ атылғаны туралы хабар түсті.

«Күдіктіні ұстау үшін оқиға орнына дереу полиция жасағы жіберілді. Полиция капитаны Мақсат Дастан мен полиция аға лейтенанты Жылқайдар Жұлдызбек өз өмірін қатерге тігіп, оқ атқан адамды ұстады. Ол Хромтау қаласының 50 жастағы тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, күдікті әйелімен жанжалдасып, кейін көпқабатты үйдің ауласына шыққан. Өтіп бара жатқан адамға оқ атқан. Жәбірленуші иығынан жарақат алды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.