Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беру қорытындысы елді орнықты дамытуға, оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған Өзбекстан Президенті ұстанымының жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айқын көрсетеді деп атап өтті.

Әңгімелесу барысында Президент қазақ-өзбек қатынастарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Мемлекет басшылары бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мәселелері жөнінде пікір алмасты және алдағы екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырды.