Ашық үкімет және жаңа басқару мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету

Елордада «Ашық үкімет және жаңа басқару мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы басталды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Шара Қазақстан Респубикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатыр.

Конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу. Бүгін 12 панельдік отырыс аясында 104 қатысушы баяндама жасады. Баяндамаларды талқылауға 200-ден астам адам қатысты. Конференцияның негізгі тақырыбы – Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті аясында мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті дамытудың перспективалық бағыттары бойынша нәтижелі пікір алмасу өтті, сондай-ақ мәселелерді бірлесе талқылап, нақты шешімдер әзірленді.

«Екі күн бойы  біздің шақыруымызбен АҚШ, Германия, Польша, Болгария, Орта Азия елдерінен келген сарапшыларды тыңдаймыз. Академия магистранттары мен докторанттары шетелден келген мемлекеттік қызмет саласының мамандарынан мағлұмат алып, дәріс тыңдайды. Конференцияны ұйымдастырудағы тағы бір маңызды мақсаттарымыздың бірі – Қазақстанның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісу. Қазіргі кездегі саяси реформалардың өзектілігін, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жүзеге асырылатын іс-шараларды пысықтау. Конференция үш зерттеу бағытына сай өтеді: «Ашық үкімет», «Жаңа басқару мәдениеті», «Ашық диалог және әлеуметтік әріптестік».

Іс-шара барысында «Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және ұлттық тәжірибелері, «Цифрлық мемлекет» үлгісін қалыптастырудың негізгі аспектілері, мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруды реформалау аясында мемлекеттік қызметші болмысының өзгеруі және мемлекеттің, бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың стратегиялық әріптестігі сияқты маңызды тақырыптар талқыға салынады», – деді Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Халықаралық конференцияға отандық және шетелдік сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, зерттеушілер, соның ішінде Академияның магистранттары мен докторанттары, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысады.

Конференцияға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, экономика профессоры, Нобель сыйлығының бейбітшілік саласы бойынша лауреаты Рае Квон Чунг, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Фриберг-Стори Микаэла, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов қатысу жоспарланған.