«Біреу ұрғаны анық»: Ақтөбеде мүгедектерге арналған орталықтың тұрғыны белгісіз жағдайда ауыр жарақат алған

Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 58 жастағы тұрғыны ауыр жарақат алған. Дәрігерлер науқас көзінен айырылуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Туыстары мүмкіндігі шектеулі азаматты мекемедегілер қатты соққыға жыққан деп есептейді. Бірақ орталықтың өзі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады. Олар науқас абайсызда тайып құлағанын айтқан.

Ауыр науқастанған 58 жастағы азамат 14 жылдан бері әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. Соңғы рет келгенде туыстары ер адамды танымай қалған. Ер адамның бетінің жартысы көгеріп, сол көзі ашылмай қалған.

“Науқас па, әлде санитар ма, нақты білмеймін. Бірақ біреудің ұрғаны анық. Фотосуреттен көре аласыз. Адам құлап қалса, мұндай гематома болмайды деп ойлаймын. Менің ойымша, біз кеш келдік. Бұған дейін жарақаты бұдан да нашар болған шығар. Қазір ісігі басылды. Бірақ көзі ашылмайды”, – дейді туысы Қасымжан Бұрханов.

Орталық өкілдері мүгедектің туыстары келерден төрт күн бұрын жарақат алғанын айтады. Олар қызметкерлердің ешқайсысы пациенттерге тиіспейтінінін алға тартты.

“Науқас әжетханада құлап қалған. Оны сол жердегі кезекші медбике көрген. Содан кейін хирург тексеріп, тамшылар жазып беріпті. Бірақ бұл туралы маған ешкім айтпады. Туысы келіп, бәрін айтып бергенде, мен науқасты емханаға жатқыздым”, – дейді  Ақтөбе қаласындағы №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлнар Нұртазина.

Туысының айтуынша, дәрігерлер жарақаттың асқынып кеткенін, науқас көзінен айырылуы мүмкін екенін айтқан.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ауыр психоневрологиялық ауруы бар мүгедектерге арналған. Қазір мұнда 300-ден астам адам бар. Қызметкерлерден бөлек, қауіпсіздік камералары тәртіпті бақылайды. Бірақ дәретханада камералар жоқ, сондықтан әкімшілік сөздерінің дұрыстығын тексеру мүмкін емес.