ОРЫНДАЛМАЙТЫН ЗАҢДАР КҮШІН ЖОЮЫ КЕРЕК!

Шымкентте пәлен жылдан бері Ауылшаруашылық басқармасының есебінде, әр жылы 30 мыңның үстінде қаңғыбас иттерді аулайтындығын өз есептерінде көрсетіп келеді. Бұл — жыл сайынғы тұрақты көрсеткіш. Сондықтан, осы көрсеткішті негізге алып, жан-жақты зерттеп көрейін.

Әр жылы Шымкентте 30 мың қаңғыбас иттер ауланатын болса, біздің заң бойынша әрбір ауланған итті арнайы орында 3 ай бойы өздерінде ұстаулары керек болады. Осы аралықта оларды кастрация, вакцинация, чиптеу секілді т.б. процедуралардан өткізеді.

Демек, әр итті 3 айдан арнайы орындарда ұстайтын болса, 1 жылды : 3 айға = 4 маусымға бөлеміз.
Бір жылда ауланатын 30 000 итті 4 маусымға бөлсек, әр айда 7,5 мың итті бір мезгілде асырап отыруымызға тура келеді.

Енді, бір иттің тамағына ең кемі 1 500т (1.5 мың) жұмсалып отырады деп есептесек, 7,5 мың иттің бір күндік тамағына 11 250 000 (11 млн 250 мың) теңге жұмсалады.
Ал, бұл сомманы 1 айға көбейтсек 337 500 000 (337 млн 500 мың) теңге шығады.
Сонда, 1 жылда осы қаңғыбас иттердің тек тамағына 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Бұған сол жерде жұмыс істеуі керек болатын 150-ден астам қызметкердің жалақылары мен коммуналдық шығындарын, вакцинация мен кастрация, транспорттық т.б. шығындарды есептесең, осы қаржыны тағыда екі есе көбейтуге тура келеді.
Сонда, бір ғана Шымкенттегі қаңғыбас иттерге арналған осы заңның орындалуы үшін, 4 + 4 = 8 млрд теңге бюджеттен бөлініп отыруы керек.
Ал, осы сомманы тек 15-ке көбейте салсақ, Республика бойынша орташа 120 млрд теңге тек қаңғыбас иттерді ұстап, 3 ай асырап, анау-мынауын істеп, қайта бостандыққа жіберуге жұмсалуы керек болады.

Бұл цифрларды мен ауадан алып отырғаным жоқ. Көріп отырғандарыңыздай, қарапайым ғана арифметика!

Енді, Шымкенттегі қаңғыбас иттерді ұстауға арналған мекеменің тек қана осы иттер тұратын орнының, әр итке арналған кеңістігі қанша болуы керек екенін есептеп көрелік.

ТЕЛЕЗОО порталындағы мәлімет бойынша әр итке кемінде 5 кв кеңістік керек екен. Үлкендеріне одан да үлкен.
Сонда, Шымкенттегі қаңғыбас иттерді ұстайтын мекемедегі тек иттердің орналасытын орны 5 кв х 7 500 ит = 37 500 кв болуы керек. Бұған мен лабараториясы мен гаражы, администрация ғимараты мен қоймасы, жуындыратын және тамақ дайындайтын жайларының аумағын қосып отырған жоқпын. Оны қосса 50 000 кв тек ғимараттың көлемі шығатын шығар. Бұған мен жалпы аумағының көлемін қосып тұрған жоқпын.

Ал, Шымкенттегі шу болған қаңғыбас иттерді ұстауға арналған жердің жалпы көлемінің өзі 1 га (10 000 км). Одан нақты иттер тұратын ғимаратына осының жартысын берсек
5000 кв аумақ шығады. Бұл жерге ары кеткенде тек 1000 ит сияды.
Сонда, қалған 7 500 — 1000 = 6 500 итті қайда орналастырамыз?
Демек, осы орталықтың салынуына деп бөлінген 800 млн теңгенің(шамада) өзі үлкен шу болғанда, бұл орталық өз сұранысының тек 13%-ын ғана қамти алады.
Ал, толық қамтамасыз етуі үшін кемінде 800 млн х 7,5 = 6 млрд теңгеге ғимарат соғылуы керек болады.

Қалай ойлайсыздар?!
Шымкенттің қаңғыбас иттеріне арналған ғимаратқа деп бір реттік 6 млрд теңге мен жыл сайын олардың асырауға бөлініп отыруы тиіс 8 млрд теңге, жалпы 14 млрд теңгені жаратуға біздің бюджетіміз көтереді ме?

14 млрд-ты 15 аймаққа көбейтсек 210 млрд теңге Республика бойынша осыған жаратуымыз керек.

Биылдыққа Шымкент қаласының бюджетінен 140 млн теңге иттерді піштіруге бөлініпті. Соғылатын ғимараты мен басқа да шығындарын есептегенде шамада 1 млрд қаржы бөлінді.
Бұл дегеніміз — заңның 100% толық орындалуы үшін қажет болатын бір жылдық қаржының, біз тек 6% ғана бөліп отырмыз деген сөз.
Демек, бұл заң тек 6%-ға ғана орындалып жатыр деген сөз. Бұдан шығатын қортынды — мың жерден тыраштансақ та заң мүлдем орындалмайды.

Енді сұрақ!!!
Орындалмайтын, орындалуы мүмкін емес заң кімге керек?!
Бұл жерде бір ғана шешім бар.
Не заңды толықтай кері қайтарып қайта қарау, не заңды орындамаған басшыларды жазалау керек болады.
Айтпақшы!
Бұған қосып осы орындалмайтын заңды толық зерттемей Мәжіліске әкелген министр мен осы заңды зерделемей қабылдап жіберген алдыңғы Мәжіліс депутаттарын да қосып жазаласа болады.

Бұл жердегі ең басты сорақылық — тіпті осынша қаржыны толық бөлген күннің өзінде бұл мәселе шешілмейді. Өйткені, осынша қаржы жұмсап “асырап-баққан” иттерімізді 3 айдан соң еркілеріне босатып жіберуіміз керек(заң бойынша).
Оларды ұстап, асырап, қайта босатып жіберетін болсақ… Арғы жағында қандай логика тұр?!
Қаңғыбас иттерді аулаудағы мақсат — адамдардың қауіпсіздігі емес пе?!
Демек, сонша қаржы жұмсаған күннің өзінде де, әуелгі “адам қауіпсіздігі” деген мақсатымыз айдалада әдірем қалады деген сөз ғой!

Әлде, мен бұл заңның мақсатын түсінбей отырмын ба? Мүмкін, бұл заңның мақсаты — иттердің құқығын қорғау шығар.
Олай болса, біздің Конституциямыздың ең басында жазылған, өзге заңдардың барлығын осыған қызмет еттіретін — Адам өмірі мен бостандығы, құқығы басты құндылық дегеніміз қайда қалады?

Менің ойымша осынша қаржыны түбінде бәрібір орындалмайтын заңның жетегімен иттерге бөлгенше, әр қаладан қиын жағдайларға қалып кеткен азаматтар бір рет тамақтанып, қонып шығатын орталықтар соғылуы керек. Азаматтар тамаққа қайыр сұрамай, сол жерден бір күндік тамағын ішетін.

Осы заңды енгізіп қабылдағандар, АҚШ пен Еуропа секілді елдердің иттеріне арнап шығарған заңдарын әкеле жатқанда, сол елдердегі қиын жағдайға қалған адамдардың түнеп шығуы мен тамақтанатын орталықтары жайлы, ондай азаматтардың да құқығын қорғайтын заңдар мен ережелерді қоса ала келмегендері қалай?
(Бұл жайында Уилл Смиттің “Погоня за счастьем” деген фильмінде керемет көрсетілген)

Жарайды!
Бұл заңды осы жерден тоқтатып, мәселеге тағы басқа қырынан қарап көрейік.

Мысалы, адам итті не үшін асырайды?
Мемлекет үшін бе?
Әлде, бүткіл бір қаланың азаматтары үшін бе?
Адам итті тек қана өзі үшін асырайды. Яғни, мен үйде ит асырағым келсе, тек төрт жағдайда ғана асыраймын.
1) Үйімді қарауылдап, үйіме қорған болуы үшін.
2) Өзімнің мәртебем(престиж) үшін.
3) Ит төбелестіріп қаржы табуға.
4) Өзімнің хоббиым.

Қарап отырсаңыз, барлық жағдайда адам итті тек өзі үшін ғана асырайды. Демек, иттің егесі ол үшін мемлекетке салық төлеуі керек. Барлық шығындарын өзі төлеуі керек. Әрбір қорамыздағы малымызға сырға салғанымыздай, иттерімізге де чиптер салып, сол итіміздің тууына да, қаңғыбас болып көшеде жүргеніне де иттің егесі жауапты болуы керек.

Өзім де көлігіммен трассада келе жатып ит қағып, көлігімнің алдына түгі қалған жоқ. Өзіміздің аман қалғанымыздың өзі олжа болды.
Енді, сол иттің егесін тауып көріңіз. Не чипі жоқ. Не құлағында сырғасы жоқ. Біреудің қаңғытып бос жіберген итінің кесірінен әзер аман қалған мен сияқтылардың өмірі мен құқығын кім қорғайды?

Үш айлық “асыранды курсынан” өткен иттің көшедегі балаларды таламасына кім кепіл?!
Олар таласа, таланғандардың құқығы ше?
Әлде, біздің конституциямызда адам мен иттің өмірі мен бостандығы тең бе?

Бостандыққа қайта шыққан иттер қайда барады? Қайдан тамақтанады? Олар не жейді? Немесе, кімді жейді?
Әлде, бір баланы жабайы иттердің аштықтан талап жегенін күтеміз бе? Олай болуы мүмкін емес деп кім кепілдік бере алады?

Сондықтан, осындай “басы бар аяғы жоқ”, ешқандай логикаға сыймайтын заңдарды толықтай қайта қарайтын уақыт келді.

Құрметті Нартай Сарсенгалиев бауырым!
Өткен жолы Парламенттен осы мәселені қозғағаныңды көріп, осы мәселеге арналған өз ойымды қосып өзіңді тегтеп отырмын.
Бұл жазбамды өзіңе Шымкент қаласы Қоғамдық Кеңесінің мүшесінен жолданған ресми хат деп қабылдауыңа болады.