«Қонаев қаласы мәдениет пен өнердің ордасына айналуы керек»

Мұрат Әуезовтің есімі Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми-мәдени ортада, зиялы қауым өкілдерінің арасында кеңінен танымал десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Қазақтың «асылдың тұяғы, алтынның сынығы» деп айтатынындай, заңғар жазушы Мұхтардан қалған асылдардың бірегейі де – осы Мұрат. Сондықтан біз бүгіндері 80-нің сеңгіріне көтеріліп отырған парасат пен пайым иесі, қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлымен жолығып, заман мен қоғам жайлы, Алматы облысы мен оның жаңа орталығы Қонаев қаласы турасында пікірлескен едік.

– Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері төртінші онжылдыққа қадам басып отыр. Осы жылдар ішінде сізді ерекше толғандырған не мәселе болды? Осы жайлы ой бөліссеңіз?

– Мен күнделікті мемлекет ісіне араласып, саясат майданында жүрген адам емеспін. Менің қазіргі айналысып жүрген шаруаларым – еліміздің мәдениетіне, руханиятына, тарихына қатысты дүниелер. Сондықт ан әңгімемді өзіме жақын тақырып аясында өрбітсем деймін. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарының қайтадан қалпына келтіріліп, жаңаша атауларға ие болуы еліміз үшін аса маңызды қадам болды деп айтар едім. Соның ішінде, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына қоныстануы бүгінгі ұрпақтың тарих алдындағы, Алаш арыстары алдындағы парызын атқаруы деп ұқтым. Себебі, мен осы өңірге қатысты алаштықтардың ұсыныспікірлерінен хабардар едім. Осыған байланысты, бұл қалаға жаңа рухпен, жаңа үмітпен, жаңа жоспарлармен келген биліктің есіне екі нәрсені салғым келеді.

Алғашқы айтарым, бұл өңір, бұл жер тарихқа ерекше бай. Бір кездері осы өлкеге талай мәрте экспедициямен шыққаным да жасырын емес. Жалпы, Ұлы Жібек жолы Жетісу жері арқылы өткенін ескерер болсақ, соның бір тармағы бүгінгі Бақанас, Ақтам, Қарамерген бағытымен жүретін болған. Ертеректе Балқаш көлі екі бөлініп, ащы жағы мен тұщы жағының ортасында өткел болғаны айтылады. Осы өткелмен Арқаға барып, ол жақтан керуеншілер жез тасымалдағаны да тарихтан белгілі.

Бір кездері осы өңірде Андерсон деген швед азаматы мекен еткен болатын. Жер аударылып, Сібірде көптеген жылдарын өткізіп келген зиялы қауым өкілі Қараойдың баурайында кішкене ғана жер кепе салып алып, тірлік кешкен. Сол кездері жаздырып алатын газет-журналдары оның жан-жақты білімді, түрлі саладан хабары бар азамат болғанын аңғартса керек. Андерсон жаяу-жалпылап сол өңірді толықтай аралап шыққанын білеміз. Ол туралы кезінде «Балхашская сага» деген керемет деректі фильм де түсірілген болатын. Шетел азаматының жалғыз-жарым тіршілік кешуінен іш тартқан Қауіпсіздік комитеті оны «тыңшы» деп есептеп, көп жылдар бойы сыртынан бақылауға алғаны да жасырын емес. Міне, сол Андерсон Ғылым академиясына Қараой маңынан табылған қала жайлы хабар жіберген. Осыған байланысты жасақталған арнайы экспедиция құрамында мен де барған едім. Андерсонның айтуынша, үнемі соғып тұратын желдің ықпалымен көшкен құмның астынан солтүстік полеолит дәуірінің жәдігерлерін, былайша айтқанда, тас дәуірінің құралдарын тауып алыпты. Кешкілік бір-екі сағат шамасында жебенің ұштарын, теріні өңдеуге пайдаланатын қырғыштар мен өзге де тіршілік құралдарын жинап үлгерген. Өкінішке қарай, біз келгенше қатты соққан жел ол аймақты қайтадан жауып тастапты. Содан бері археологтер қаншама рет экспедиция ұйымдастырмақ болғанымен, қаржының тапшылығынан кейінге шегеріліп келеді. Осы аймақ игерілсе, еліміз үшін, ғылыми қауымдастық үшін үлкен жаңалық болар еді.

Осы өңірдегі Нарбай деген шебер шошақ мазарларды салудың бірден-бір маманы болған. Ал, оның шешесі ғажап күйші Дина Нұрпейісовамен бірге 1936 жылы Мәскеуге баратын делегация құрамына енгізіліпті. Күйеуі рұқсат бермегендіктен сол сапардан қалып қойған. Айтпағым, бұл өңірде керемет сәулетші-құрылысшылар, ақындар мен жыршылар, әншілер мен күйшілер мекен еткен. Бір сөзбен айтқанда, зерттепзерделейтін тақырыптар жетерлік. Себебі, мұның бәрі – халқымыздың мәдени, тарихи құндылықтары, ұрпаққа қажетті мұралар.

– Әлгінде сөз басында Қапшағай қаласының облыс орталығы болуы Алаш арыстарының алдындағы парызымыздың өтеуі деп қалдыңыз. Осының мәнін түсіндіріп өтсеңіз?

– Иә, оның үлкен мәнісі бар. Кезінде Қазақстанның астанасын Қызылордадан көшіру жайлы мәселе көтерілгенде Алаш көсемдері Іле жағалауындағы осы алқапты ұсынған екен. Алматы тауда орналасқандықтан жер сілкінісі қаупі жоғары, сонымен қатар, өңірдің экологиялық тазалығын сақтап қалу маңызды. Ал, Қапшағай маңында қала салуға қажетті жағдайлардың бәрі бар деп есептеген. Облыс орталығына келген шенділер осыны білгені жөн деп санаймын. Одан кейін кеңестік кезеңде Мәскеу архитектуралық институты аспирантурасының түлегі Бекеш Шәкербаев деген азамат Қапшағайдың орнында қала салу жайлы кандидаттық диссер¬¬тация қорғаған. Мұнда қала құрылысына қажетті жағдайлармен қоса топырақ, су және өзге де мәселелерді толық зерттеп, ғылыми негізін қалыптастырып берген. Қазір қаланың Бас жоспары жасалып қойғанын білеміз. Дегенмен бүгінгі сәулетшілер сол Бекештің жобасымен танысты ма екен?

– Мана айтқандарыңыз көне Іленің бойында дамыған өркениет болғанын айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер делік. Ал, бүгіндері осы Іле аңғарының хал-ахуалы қандай? Табиғаттың тозуы өңірге қатер төндіріп тұрған жоқ па?

– И ә , І л е ө з е н і н е қ ат ы с т ы қауіп-қатерлер жоқ еме с. Өзен бастауын Қазақстаннан алғанымен, Қытай жері арқылы өтіп, айналып келетінін білесіздер. Ал, ол жақта егін шаруашылығы толық химияландырылған. Демек, бізге уланған су келіп жатқаны анық. Мұның сыртында, олар өз жерлерінде түрлі тоспалар салып, өзен суын қажетінше пайдалануда. Бізге «қалдық» принципі бойынша жіберіліп отырады. Мен Қытайға Елші болып барғанымда бірінші болып осы мәселені көтерген едім. Алайда, Қытай тарабы түрлі желеулермен Іле мен Ертіс өзендеріне қатысты халықаралық келісімдерге бармай отыр. Демек, облыс басшылары бастап, мемлекеттік тұрғыда аталған мәселені шешуге күш салуы маңызды. Бір кездері Үнді мемлекетінің Елшісімен пікірлескенім бар. Ол Үндістан мен Пәкістан арасындағы мемлекетаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша көптеген қантөгістер болып, ақыры келіссөздер арқылы шешімін тапқанын айтқан еді. Мұнда да екі тарап қатар отырып, бір шешімге келуі керек деп есептеймін. Әрине, Іленің арнасын аршу жұмыстарын да жүйелі жүргізуді ұмытпағанымыз жөн.

– Бүгіндері Қонаев атауын иемденген қаланың болашағы туралы не айтасыз? Жалпы, өңір экономикасын дамыту үшін не істеу керек?

– Мен өз басым Дінмұхамед Ахметұлын аса құрметтеймін. Ол біздің Мәскеуде құрған «Жас тұлпар» ұйымы әшкере болып, төбемізге қара бұлт үйірілген шақта құтқарып қалған. Одан басқа да елі үшін атқарған жұмыстары өлшеусіз. Негізін өзі қалаған қалаға заңғар тұлғаның есімі берілуін құптаймын. Ал, экономика мәселесіне келер болсақ, бұл бағытта арнайы мамандар мен билік үлкен жобалар әзірлеп, іске кірісіп жатқанын білемін. Дегенмен, маған салса, қаладағы ойынханаларды (казино) жабар едім. Иә, бір кездері серіктес қала ретінде осыған лайық болған да шығар. Алайда, бүгін Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болды емес пе?! Ол мәдениет пен өнердің, рухани құндылықтардың ордасына айналуы керек. Ал, ойынхана болған жерде қылмыс пен тәртіпсіздіктің қатар жүретіні белгілі. Қаланың облыс орталығы болуына байланысты төтенше шаралар қолданып, осы мәселені біржолата шешу керек деп айтар едім. Алматы облысында туризмді дамытуға мүмкіндіктер мол. Тіпті, көпке белгілі өңірлерді айтпағанда, әлі игеріле қоймаған Балқаш ауданының аумағында тарихи оқиғаларды көз алдыңа келтіретін нысандар салып, көнені көргісі келетін жұртшылықты тартса, орынды болар еді. Кезінде Заманбек Нұрқаділовке Қонаев қаласындағы көзге күйік болып тұрған биік мұржаны телемұнараға айналдыру жайлы ұсыныс айтқан болатынмын. Оны да ойластыруға болады. Осыдан кейін, Қонаев қаласының Ұ л ы Ж і б е к жо л ы н ы ң ү с т і н д е тұрғанын санаға сіңіру керек. Әлгінде айтқан Бақанас, Ақтам, Қарамерген бағытымен жүрген керуендер осы өлкемен өткен. Осы жобаға арналған қаражатты тарту арқылы тарихи орындарды жаңғыртуға мүмкіндік ашылар еді. Қорыта келгенде айтарым, өңірдің өсімдік қоры мен тарихимәдени мұрасын зерделеуді уақыт ұттырмай қолға алу қажет.

– Соңғы уақытта Еуразия құрлығында көптеген қауіпқатерлер бой көрсетіп отыр. Кешегі бауырлас саналатын Ресей мен Украина арасындағы соғыс бізді де алаңдатып отырғаны жасырын емес. Оны қойып, еліміздің солтүстігінде сепаратистік пиғылдағы қозғалыстар қылаң бере бастады. Осы орайда түркі тілдес мемлекеттердің бірігуі, Ұлы Тұран одағы туралы ойлар даламызды кезіп жүр. Осы ұйымның болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асса да ішкі және сыртқы қауіп-қатерлер жеткілікті. Солардың қатарында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бізді ойландырмай қоймайды. Себебі, Ресейде кешегі кеңестік кезеңді қалпына келтіруді аңсайтындардың көп екенін көріп жүрміз. Түрікшілдікке байланысты айтарым, мен өзім кешегі одақтың құрамында болған түркі тілдес елдердің өкілдерімен «Жібек жолы бойындағы сұхбат» деген тақырыпта 9 рет келелі кездесу ұйымдастырған екенмін. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікмениядан, тіпті, бірер мәрте Тәжікстан мен Қытайдан, Ресейден де келіп қатысқандар болды. Бұл – үлкен саясат. Дәл біздің жағдайымызда ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды арттыруымыз маңызды. Ре сейдің қарамағындағы түркі тілдес ұлттардың бұл жаққа елеңдеп қарап отырғанынан да хабардармыз. Бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алда әлі де бағындырар биіктер күтіп тұр. Ресей үшін империяны қалпына келтіруден басқа таңдау қалмағандай. Ал, біз осыған қарсы тұруға дайын болуымыз керек. – Кешегі өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы еліміздегі саси және әлеуметтік ахуалды сауықтырады деп сенесіз бе? – Болашаққа, ертеңгі күнге деген сенімнен айырылмауымыз керек. Бұл сайлау да жұртты біраз жағдайға үйретті. Содан сабақ алып, болашаққа қадам басу қажет. Адамның ішкі шырағы сөнсе, бойына күмән ұялайтыны анық. Бастысы, сол шырақты өшіріп алмау маңызды.

– Сіз кешегі күні қызыл империяның астанасы Мәскеуде оқып жүрген кезіңізде ұлт мүддесін ұлықтайтын «Жас тұлпар» ұйымын құрып, сондағы жастардың басын біріктіруге әрекет жасағаныңызды білеміз. Ал, бүгінгі ұрпақ сондай тәуекелге баруға дайын ба?

– Бүгіндері де елімізде, шет мемлекеттерде оқып жүрген жастар менімен хабарласып, сол ұйым жайлы, оның жұмысы турасында білгісі келетіндерін айтып жатады. Кездесуге шақыратындары да бар. Мен мұндай шақыруларды қуана құп аламын. Жалпы, қазіргі жастар жан-жақты білімді, әлемдегі барлық жағдайдан хабардар, жаңаша ойлай білетін, ұлтжанды азаматтар болып өсіп келе жатқанына күмән келтірмеймін. Жоғарыда айтқан сенім мәселесі де осыдан келіп туындайды. Демек, жарқын болашақ үшін күрес әлі де алда деп есептеймін.

– Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Қуат ҚАЙРАНБАЕВ