Заң бұзушылықты анықтауға монополия орнаған ба?

 «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалымен мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг жүргізу барысында Шымкент қаласы әкімі аппаратына тікелей бағынысты  «Шымкент қаласы әкімі аппаратының мамандандырылған базасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен 320 млн.теңгеге заң талаптарын бұзып тікелей бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттік сатып алулар жүзеге асырылғандығы анықталды.

Аталған мекеме  мемлекеттік сатып алу заңының 39-бабы 3-тармағы 54-тармақшасына сілтеме жасай отырып 13 келісім-шарттар түзген. Заңның бұл нормасы бойынша мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінен тікелей бір көзден сатып алу мүмкіндігі тек қана  мүгедектігі бар адамға арналған таксидің көрсетілетін қызметтерін сатып алу кезінде ғана жол беріледі делінген.

Алайда 13 келісім-шарттың ешқайсында мүгедектерге арналған такси қызметі жоқ. Мекеме өнім берушілерденқап, респиратор, стол, орындық және т.б. заттар сатып алған.

Өз кезегінде бәсекелес орта арқылы конкурспен емес, тікелей бір көзден жоғарыда көрсетілген заң нормасына сілтеме жасай отырып сатып алу айқын заң бұзушылық екені көрініп тұр.

«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалы орын алған заңсыздыққа қатысты Шымкент қаласы әкімі аппараты және Шымкент қаласы бақылау комиссиясына хат жолданған болатын.

Шымкент қаласы бақылау комиссиясы орын алған мәселені Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдаған. Департамент атлаған заңсыздықты көре, біле тұра шара қабылдаудың орнына, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі аталған мемлекеттік сатып алудың қатысушысы емес деген тұжырым жасап, мәселені қараудан бас тартуда.

Айжан КЕСЕБАЕВА