Алматы Қала күнін қалай атап өтті?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!», – деген болатын. Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадамдар қажет екені анық. Ал Жаңа Қазақстан қандай болу керек? Бұл тағдырлы қазақ халқының көкейінде жүрген, көптің көкейін тескен сауал. Біздің түсінігімізде ол – ел азаматтарының әрқайсысының өз саласы, өз көзқарасы бойынша ел дамуына қосқан үлесі. Яғни өзгеріс өзімізден, болашақ бүгіннен басталады.

Адамзаттың айнасы – мәдениет. Мәдениет – адам әлемі. Мәдениет –әрбір халықтың ғасырлар бойы сұрыптап, електен өткізіп жинақтаған рухани байлығы. Айта берсе мысал, теңеу көп. Қазақтың төл мәдениетінің тамыры тереңде. Оны ұлықтау – парызымыз.

Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі. Алматы қаласы күні жыл сайын қыркүйек айында атап өтіледі. Биыл да Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы, оған қарасты мекемелердің Қала күніне арнайы өткізген шаралары біршама. Соларға аз-кем тоқтала кетсек.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Алатау» театрында 12 қыркүйекте Жәнібек Кәрменов атындағы «Ән-Алматы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, 13-і күні «Аманат» атты республикалық жыршылар фестивалі өтті. Ал 16-ы Жекпе-жек айтыс болды.
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Көркем Қала – Алматы» атты шараны ұсынды.
Медеу» БСК-нің ұйымдастыруымен «Medeu Party» халықаралық стрит-арт фестивалі өтті.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент саябағында «Алма fest» шарасы өтті. Сондай-ақ қалада «Gakku дауысы» заманауи қазақстандық музыка фестивалі, «The Spirit of Tengri» фестивалі, «Кiтап fest» фестивалі, оқушылар арасындағы «Алтын қалам» жас ақындар мүшайрасы, цирктік шоу, «Гүлдене бер, Алматым» байқауы және т.б. халыққа арналды. Қала күніне орай ұйымдастырылған осындай мәдени шаралар қала тұрғындарының көңілдерін бір серпілтіп тастады. Жалғасын табатыны сөзсіз.

Қазақстанның ғылыми, білім беру, мәдени, экономикалық, индустриялық орталығы Алматы екені белгілі. Сондай-ақ климаттық жағдайы қолайлы, көк желекпен көмкерілген қала. Еліміздің айтөбел ғалымдары тарихы терең Алматының жасын 1000 деп белгілеген болатын. Алматымыз дами берсін. Қала күні құтты болсын!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Фото: Максим Золотухин