Гүлдар ТӨЛЕШҚЫЗЫ: Әдебиетіміз өзімізден аспай тұр

Кітапханашы қандай болады? Біреулер бұл мамандық иесін шыны әйнектің ар жағынан қарайтын, барша кітаптың аты мен авторын жаттаймын деп алжып кетуге жақын қалған қатал әрі қыңыр кісі ретінде елестетсе, енді бірі зейнетке шығар жасын санап жүрген, сен тимесең, мен тиме дейтін кейіпте таниды. Мен көрген кітапханашылардың дені осындай. Бұл жұмысқа амалсыздан бармаса, осы заманда кітапханашылықты көңіл қалауымен істейтін адам табыла қоймас деп ойлауымнан шығар. Неге? Өйткені жалақысы жоғары емес, қазіргі қоғамда кітапханашы мәртебесі ақсап тұр. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін жұмыc. Жастардың бұл мамандыққа келе қоюы да екіталай, ынта-жігері тасып тұрған талаптыға сөрелердегі шаң басқан кітаптардың атын атап, түсін түстеумен уақыт өткізудің өзі қызық көрінсін бе?! Дегенмен, бұл менің өткінші ойым ғана екен.

Жақында кітапханашымен кездестім. Олар оқырманның сұраған кітабын тауып беріп, тыныш отыра береді деуші едім. Олай емес екен. Кітапхана қожасы қаншама жылдық көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Бар болғаны бір әңгімелесуден-ақ. Айтпақшы, ол кісінің жаны да жас, өзі де жас. Көзілдірігі де жоқ… Бұл күні кітапханаға кімдер келеді? Жастардың қызығатыны қай жанр? Кітапханашы қандай болуы керек? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері Гүлдар ТӨЛЕШҚЫЗЫ жауап берді.

Заманауи кітапханашы қандай талаптарға сай болуы тиіс? Өз бойыңыздан сол қасиеттер мен заман талабына сай кітапханашыны көре аласыз ба?

– Заманауи кітапханашы университетте алған білімімен шектелмеуі қажет. Түрлі ғылым саласынан кең дүниетанымға ие болуы маңызды. Шет тілдерін жетік біліп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардан хабардар болуы шарт. Әрине, бүгінгінің талаптарына сай болуға барынша тырысамын, қай саладан болса да диссертация жазу қолымнан келеді. Медицинаны меңгеруге талпынып жүрмін. Тілді білу, менің ойымша, басты талаптардың бірі. Сондықтан мен қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлеймін, қосымша араб, ағылшын тілдерін үйрену үстіндемін. Өз басым білім алудан еш уақытта жалыққан емеспін.

Түркиядағы Камил Гүлеч кітапханасында керек мәліметіңізді мыңдаған дерек арасынан бірнеше секунд ішінде тауып беретін техника мен шаң басқан көне кітаптардың бактериясын өлтіріп, залалсыздандыратын құрылғылар бар. Енді бірінде оқырман 3 кітапты 15 күнде оқып, қайта өткізуі талап етіледі. Сондай-ақ кітапханаға келіп, кітап оқығандарға шай, кофе, тіпті сорпаны да тегін береді. Ал Ұлттық кітапханада қандай жаңашылдықтар мен оқырман тарту тәсілдері бар?

– Кітапханамызда әлем бойынша Белоруссия мен бізде ғана бар кітапты қай қабаттан болса да тез жеткізетін телелифт орнатылған. Үйде отырып-ақ оқығыңыз келетін кітапқа тапсырыс бере аласыз. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана әлемнің 38 елінде «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» орталықтарын ашты. Соның ішінде Еуропа, Америка, Жапон, Біріккен Араб әмірліктері және алыс-жақын шетел халқына, жат жұрттағы отандастарымызға қызмет көрсетеді. Венгрияда Абай орталығын ашқанбыз, енді жақын арада Мысырдан да ашу көзделіп отыр.

Оқырмандарға ауыссақ. Кітапханаға келетіндердің дені қазақ тіліндегі кітаптарды сұрайтын шығар, жалпы орыс, ағылшын немесе одан да басқа тілдердегі кітаптар оқыла ма?

– Мәселен, орыс тіліндегі «Абай жолы» мүлдем оқылмайды. Том-томдап сөрелерде шаң басып жатыр. Негізі, ағылшын тілділерді айтпағанда, қазақ бола тұра, әуелі өз әдебиетін білмей, орысша оқитындарды аяймын. Олардың өмірде өз жолын табуы қиын. Өйткені өздерінің кім екенін, тарихын, әдебиетін білмейді, сәйкесінше, өзін де танымайды. Оларға, әуелі, өз әдебиетіңді түгелімен оқып бітіруің керек деймін. Одан кейін ғана шетел әдебиетіне қарайласаң болады. Оның өзінде салыстыру үшін оқу керек. Себебі олар өзге елдің шығармасын оқығанда, авторды керемет жазған екен деп мақтар, бәлкім, көңілінен шығар. Бірақ өз әдебиетінің классиктерімен салыстыра алмайды. Себебі оқырман талғамы қалыптаспаған. Көкжиегімді кеңейтемін, рухани дамимын дейтін болса, салыстыра алатын деңгейге жетуі керек. Мен оларға С.Мұратбековтың әңгімелер жинағын, Ш.Мұртазаның «Бір кем дүниесі», Қадыр Мырза Әлиевтің «Жазмышын», І.Есенберлиннің «Көшпенділерін», Ж.Баласағұнның «Құтты білігі» мен жігіттерге міндетті түрде Б.Момышұлының «Айқасын» ұсынамын. Бойжеткендерді Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын, «Ақбілек» пен батырлар жырын оқуға үгіттеймін. Кейін ұялғаннан өздері-ақ мен айтқан кітаптардан қолдарына ұстап кетеді.

–  Бүгінгі жастар арасында «кітапханашы мамандығына қалай да мемлекеттік грантқа ілігіп, диплом алсам болды дейтіндер түседі яки филология мен журналистика мамандығына құжат тапсырар кезде балы жетпегендер барады» деген пікір кең таралған. Ал сіз кітапханашы қызметін кітапқа қызыққаннан таңдадыңыз ба, әлде ол кезде мамандықтың мәртебелі болғанынан ба?

– Бұл сұраққа «кітап мені тәрбиеледі» деп жауап берейін. Демек, кітапқа қызыққаннан таңдадым. 5 жасымнан кітап оқыдым. Соның ішінде бағытым – ертегілер мен батырлар жыры. Қамбар батыр жырындағы Назымды өзіме үлгі тұттым. Бүгінгі күні ертегі жазып тұрамын. «Кітап туралы ертегілер» атты жинағым шықты, яғни баланы кітап оқуға баулу туралы. Қазақ ертегілері жас талғамайды, оқырмандар аясы кең. Одан үлкендер де керек жерін таба алады. 16 жылдан бері Ұлттық академиялық кітапханада қызмет етіп келемін. Кітапқа қызыққанан кейін кітапхана ісін құлшыныспен істемеу мүмкін емес. Ал басқалардың айтып жатқаны мен үшін маңызды емес, бастысы өз көңілімнен шығады.

Қазақ ертегілері жайлы айтып қалдыңыз. Қазақ, әлем ертегілерін түгелімен оқып шыққан оқырман ретінде қандай ерекшеліктерді атай аласыз?

Қазақ ертегілері әлем ертегілерінен әлдеқайда құнды. Неге дейсіз ғой?! Қазағыма бір бүйрегім бұрғаннан емес.. Өйткені шетел ертегілерінің желісі қысқа, жеңіл, баланың ойлау қабілетіне арналған. Қиялилығы басым, шындыққа жанаспайды. Өйкені олар ертегіні ойдан шығарады, баланың санасына ыңғайлап, барынша тігісін жатқызып жазады. Тағы бір кемшілігі, шетел ертегілері көп өзгертілген. Оқырман ыңғайына қарай күрделі жерлері алынып қалған. Мәселен, атақты француз ақыны, жазушы Шарль Перроның «Ұйқыдағы аруы» әу баста ересектерге арналған фантастикалық әңгіме болған. Түпнұсқада ұйқыдағы ару ес-түссіз күйде жатқанда ана атанады. Ғашығы келіп сүйген кезде ұйықтап жатқан арудың аяғы ауыр болады. Содан егіз бала босанады. Ол бүлдіршіндер ес-түссіз жатқан анасының ақ сүтін өздері емеді. Біз мультфильмін көріп, ертегісін оқып жүрген «Ұйқыдағы арудан» тым бөлек. Ол жерлерін қысқартып, жігіт сүйгенде оянатындай етіп өзгерткен. Ал қазақ ертегілері қалай бар, солай барша оқырманға жетіп отыр. Ер-жігіттерді батырлыққа, әділдікке, күрескер болуға жетелесе, қыздарға көркем мінез бен даналықты дәріптейді.

Қазіргі күні жастар көбіне кітап дүкендерінен психологиялық, мотивациялық я бизнес жайлы кітаптарды сатып алып оқуға құмар. Оған себеп оқырман талғамының төмендігі ме, әлде рухани қажеттілік пе?

– «Заманауи» кітаптарды оқуға кеңес бермеймін. Себебі олар уақытша, бір сәттік. Қазір жастар көбіне табысқа жеткендердің кітабын, яғни мотивациялық немесе психологиялық кітаптарды кереметтей көреді. Мәселен, «Екінші болма», «Бай әке, кедей әке» сияқты кітаптарда автордың басынан өткен оқиғасы айтылады, оқып отырғанда керемет ақыл алғандай боласың, бірақ әрекетке көшуің қиын. Қарапайым үйде үлкендер мынаны былай жасама десе, иә дейсің де, кейін қалай есіңнен шығып кеткенін де аңғармай қаласың. Мен алдыма келген адамға ең алдымен, 20-ғасырдың көркем әдеби кітаптарын ұсынамын.

Сонда өткен ғасыр әдебиетінің орнын басар заманауи кітаптар жоқ болғаны ма?! Кітапхана қандай маманға немесе нендей өзгеріске мұқтаж?

– Дәл қазіргі кезде өзекті, бүгінгі күннің мәселелерін сипаттайтын керемет кітаптар жоқтың қасы. 19-20 ғасырдағы туындылардың орнын басатын шығармаларға мұқтажбыз. Балалар әдебиетінде «Менің атым Қожаны» қашанғы оқи береміз деген сауалды өзіміз де көтердік. Заманауи кітапты көп жастар іздейді, бірақ заман өзгергенмен адам өзгермейді. Өткен ғасырдағы кітаптардың жарамдылық мерзімі біткен жоқ, әсте. Мен 1736 жылғы ағылшын ана мен неміс әкеден туған саяхатшы, суретші Джон Кэстлдың қазақтар туралы жазған кітабын оқыдым. Қазіргі қазақ сол қазақ. Абайдың қара сөздерін оқып көріңіз. Бір ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай атап кеткен қасиеттеріміз кез келгеніміздің бойымыздан табылады. Сол көркем әдеби кітаптарды өзге тілдерге аударып, шетелге шығарсақ, Нобель сыйлығының қаншасы біздің еншімізде кетер еді. Неге десеңіз, біздің әдебиетіміз өзімізден алысқа бармай тұр. Әлемге таралмай да, танылмай да келеді. Бізге халықаралық әдеби агенттіктер қажет. Кітаптарымыздың жарнамасын жасайтын, шетелдерге шығаратын, тарататын мықты мамандарды тарту қажет. Өйткені шетелде жаңа шыққан кітапты жер жүзіне таратып, танымал ететін жарнама агенттіктері. Мәселен, «Гарри Поттердің» авторы Джоан Роулинг қазір бай адамдардың қатарында, жеткілікті жарнама жасағанның арқасында сол деңгейге жетіп отыр, кітабын оқып, киносын көрмеген қазақтардың өзі аз. Бізде кітабын сатып, ақшаның, байлықтың астында қалған жазушыны өз басым естіген жоқпын. Қазақ әдебиетін танытуымыз қажет, ол үшін әуелі өзіміз оқып бастайық!

Ақыл-кеңесіңізге көп рақмет! Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Гүлжанат Амангелді