Министрлік алда кімдердің жалақысы көтерілетінін айтты

ҚР Ұлттық экономика министрлігі алда қандай мамандық иелерінің жалақысы көтерілетінін мәлімдеді деп  хабарлайды «ozgeris.info».

Министрлік 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 561 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен (РБ) 431,8 миллиард теңге бөлінеді (2022 жылы – 162,7 млрд, 2023 жылы – 269,1 млрд). Бұған қоса, МӘМС қоры есебінен 98,5 млрд теңге (2022 жылы – 30,8 млрд, 2023 жылы – 67,7 млрд) аударылады. Ал 2023 жылға қарай орта медициналық персоналдың жалақысы орташа 210 мың теңгені құрауға тиіс. Осыған жеткізу үшін РБ-дан 186,4 млрд теңге (2022 жылы – 92,4 млрд, 2023 жылы – 124 млрд), МӘМС жүйесінен 141,8 млрд теңге (2022 жылы – 44,3 млрд, 2023 жылы – 97,5 млрд) беріледі.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық жалақысы 25%-ға көтеріледі. Нәтижесінде, еліміз бойынша 600 мыңнан астам педагогтің жалақысы артпақ. Оған республикалық бюджеттен 3 трлн 59 млрд теңге (2022 жылы – 822 млрд, 2023 жылы – 1 трлн 118 млрд, 2024 жылы – 1 трлн 118 млрд) бөлінеді.

Біржолғы гранттық конкурстарда көрсеткен нәтижелеріне қарамастан, іргелі-фундаменталды зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институтын тікелей қаржыландыру артады. Бұл шараны 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделген. Жалпы штат саны 1 116 адамнан тұратын 11 ҒЗИ конкурстық рәсімдерден тыс кепілді жалақыны алатын болады. Бұларға РБ аясында 19,8 млрд теңге қарастырылады. \

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жұмыскерлерінің жалақысына 34% қосылмақ. Бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлінеді.

2022 жылы чемпиондар мен жүлдегерлер саналатын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемақы қазіргі 24 АЕК-тен (73 512 теңгеден) 100 АЕК-ке (306 300 теңгеге) дейін көбейеді.

 

«ozgeris.info»