Қазақстан азаматтары қай елдерге визасыз бара алады

Қазақстан азаматтары ұлттық төлқұжатпен әлемнің 29 мемлекетіне визасыз сапарлай алады, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының азаматтары ұлттық төлқұжатпен әлемнің 29 еліне визасыз бара алады. Сонымен қатар, бірқатар елдермен дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визадан өзара босату туралы келісімге қол жеткізілді», — делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігі.

Қазақстандықтар Өзбекстанға барғанда сол мемлекеттің аумағында 5 күннен астам болған жағдайда, ал Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстанда 30 күннен астам болған жағдайда құзыретті органдарда тіркелуге міндетті.

Бұдан бөлек, Гонконг, Иран, Оманға 14 күнге дейін, Барбадосқа 28 күнге дейін, Аргентина, Бразилия, Малайзия, Мальдив Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Сербия, Филиппин, Эквадорға 30 күнге дейін, Албания, Колумбия, Коста-Рика, Молдова, Моңғолия, Ресей, Украинаға 90 күнге дейін, Армения, Сент-Винсент және Гренадинге 180 күнге дейін, сондай-ақ Грузияға 1 жыл аралығына дейін визасыз сапарлауға болады.

Қазақстан азаматтары Түркияда 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Кореяға да 30 күнге дейін визасыз сапарлауға мүмкіндік бар. Бірақ, 2022 жылдың 1 сәуірінен бері азаматтың Кореяға кіруін авторизациялайтын «K-ETA» электрондық жүйесі жұмыс істеп тұр.

Атап айтқанда, әуежайға жеткеннен кейін виза беретін елдердің қатарында Мысыр мен Таиланд бар. Таиланд Қазақстан азаматтарына визаны ұшып барғаннан кейін 30 күнге береді.