Ақмола облысында тасжолдан 12 жастағы қыз табылды

Ақмола облысындағы тасжолдан 12 жастағы қыз табылды, — деп хабарлайды ozgeris.info ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шортанды ауданының 12 жастағы тұрғыны Астана – Петропавл тасжолында тұрған. Оны Көкшетау қаласына қарай өз көлігімен бара жатқан өңір тұрғыны Дидар Қызыров байқаған.

Жалғыз жүрген қыз жүргізушінің назарын аударған, ол жағдайды білу үшін тоқтаған. Әңгіме барысында қыз Шортанды ауданы Мықтыкөл ауылында тұратынын және ата-анасына айтпай, өз еркімен үйден кеткенін жеткізген.

Жүргізуші асығыс болғандықтан және Шортанды ауданына қайтар жол көп уақытты қажет ететіндіктен, қызды Ақкөл қаласындағы ең жақын полиция бөліміне жеткізіп тастаған.

Оқушының ата-анасы қызы үйден кеткенін білмейтін болып шықты, өйткені бұл кезде олар Көкшетау қаласына кетіп бара жатқан. Үйде қалуға мәжбүр болғанына ренжіген жасөспірім облыс орталығына жаяу баруды ұйғарған. Кейін полицейлер қыздың әкесімен байланысқа шықты.

Ер адам Көкшетауда екенін айтып, қызын жақын туысына тапсыруын өтінді. Қыздың ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.