Солтүстік Қазақстан облысында дауыл үйлердің шатырын жұлып, ангарларды қиратты

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданын шарпыған дауыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қиратып, үйлердің шатырын жұлып әкетті. Әлеуметтік желіде дүлей апаттың салдары туралы фотолар мен видеолар пайда болды, — деп хабарлайды ozgeris.info

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екпіні секундына 16 метрге жететін қатты жел Тайынша ауданы Донецкое ауылында алты үйдің шатырын жұлып кеткен.

«Құрбан болғандар жоқ», — деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

«Қазгидрометтің» облыстық филиалы бір күн бұрын дауылды ескерту жарияланғанын еске салды.

«Найзағай кезінде облыс бойынша желдің екпіні секундына 21 метрге жетті — облыстың оңтүстігінде 41 миллиметрге дейін жауын-шашын түсті», — деп хабарлады синоптиктер.

19 маусымда облыста тағы да дауылды ескерту жарияланды. Күндіз облыстың солтүстігі мен батысында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігі мен батысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.