«Кесірін тигізді»: Дана Нұржігіт тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған сәтін айтып берді

Дина Нұржігіт
Фото: Әлеуметтік желіден

Тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Оның айтуынша, дәл сол сәтте жұмыс істеуге де жарамай қалған.

«Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы менің жеке басымды да айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында тұрамын дегенді кім білген? Қиындық кімде жоқ? Мен де мойымай, «бастысы: денсаулығым мен кәсібімнен айырмасын» деуші едім. Алайда моральдық-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кесірін тигізді, содан соң ТВ эфирде жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізді. Басшыға өзім барып, жұмыстан кетемін деп шештім сол кезде. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін камераға, тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, тележүргізуші тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әрбір әйелге батыл болуды және заң жүзінде әрекет етуді насихаттады.

«Мен өзімнің таза, адал, рухани ортада өсіп-өніп, өмір сүріп жатқанымды көрдім. «Қолда бар алтынның қадірін біл» деген шығар маған. Жер ортасына келгенде Құдай Тағала «айдың арғы бетіндегі түнектің» қандай болатынын көрсетті маған. Көрдім де шошыдым. Күрестім. Адал атым үшін, әділет үшін, балам үшін. Қапаста жүрген әйелдерге айтарым: қыспақта ұстағысы келген еркек тек ашықтықтан қорқады. Батыл болыңыздар! Мені де «ұят болады, өз артыңды өзің ашасың ба» деп ұстағысы келді. Бұл қылмыскердің әдісі. Сенбеңіздер! Заң! Тек қана заңға жүгініңіз! Иә ұзақ жол, иә бұл күрес! Бірақ…барлығы аяқталған соң Әлімнің айтқаны жанымды жұбатты. «Балам, мен осы оқиғада бір кінәм болса, сенің алдыңда кінәлімін» дедім. Он үш жасар баламның айтқаны: «мама, өзіңізді кінәлай бермеңіз, сіз бақытты боламыз деп ойладыңыз ғой», -деп жазды ол.