Қазақ мемлекеттігін дәлелдейтін ежелгі Еуропадағы көне карталар жинағының толық томдығын басып шығаруға не кедергі?

3 мамыр күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қазақ мемлекеттігін дәлелдейтін ежелгі Еуропадағы көне карталар жинағының толық томдығын басып шығаруға қатысты «Ақ жол» фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев өз сауалында көтерді. Осы мәселемен «Ақ жол» партиясына Алаш зерттеу институты шығып отыр, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» атаулы ортағасырлық географиялық Атлас карталарының тұңғыш жинағы 2021 жылы Брюссель қаласында жарық көрді.

Ежелгі заманнан бастап қазақ елінің жерлері және қазақ мемлекеттігінің яғни Қазақ хандығының атауы Батыс елдерінің озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарында Қазақи Орда, Қазсакия, Қазақия деп белгіленген. Аталған еңбекте ежелгі мемлекеттігіміз және жерлеріміз анық көрсетілген, Бүгінгі геосаяси жағдайда бұл көне атластағы тарихи мәліметтер еліміз үшін өте маңызды.

Аталған еңбекті қоғамға кең тарату мақсатында бюджеттен қажетті қаражат бөліп, жинақты сапалы түрде басып шығаруды қолдау көрсету туралы «Ақ жол» партиясының былтырғы жолдаған сауалына Үкіметтің  бақылауына алынды деген жауап берілді. 2023 жылы басып шығарылатын әдебиеттер тізімі толығымен жасақталуына байланысты, Мәдениет министрлігіне қажетті қосымша қаражат бөлу туралы тиісті бюджеттік өтінім әзірлеу тапсырылды.

Алайда, депутаттық сауалында осы уәделер бүгінгі күнге өз шешімін таба алмай отыр делінген.

Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда, атластың басылымы 3000 данадан 1000 данаға дейін қысқартылған. Сонымен қатар, басылымға тапсырысты Қазақстанда беру жоспарланып отыр.

«Тәуелсіздік алған күннен бастап 33 жыл өтсе де, сапалы түрде басып шығара алатын Қазақстанның бірде-бір заманауи баспаханасы, тиісті жабдықтары мен материалдары болмауы өкінішті жағдай.

Табылған карталар ескі, яғни XV-XVII ғасырларға жатады, сондықтан тиісті сапада басып шығару үшін өте жоғары ажыратымдылық болуы тиіс. Ал, жинақтаушылардың тұжырымы бойынша, еліміздегі ешбір баспахана қажетті сапа бере алмайды.

Мәдениет министрлігінің Архив істері комитетінің А2 форматындағы 7 томдық атлас жинағын басып шығаруға жасалған сметаларында жинақтаушылардың есебінше, бұл қаражат 7 томның тек үшеуін ғана басып шығаруға жетеді екен.

Яғни, тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуына ықпал жасауға арналған атластың басылымы толыққанды жарық көрмеуі мүмкін.

Президент Қ. Тоқаев 2023 жылғы 6 наурызда атластың авторымен кездесу барысында, бұл ғылыми еңбекпен танысып, оған өзінің жоғары бағасын бергендігі және оны басып шығаруға толығымен қолдау көрсеткендігі баршаға мәлім.

Бүгінде, дүниежүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Ал, қалыптасқан шекараларды қайта қарау тенденциясы орын алып келе жатқандығын, халықаралық құқық жүйесінің құлдырауын байқап отырмыз. Қазақта шекара, мемлекеттiлiк болмаған немесе посткеңестік елдердің халықаралық құқықтағы мәртебесі белгісіз деген тұжырымдар батыл айтылып жатқанда, тарихи тұрғыда қазақ жерінің елімізге тиесі екендігін дәлелдейтін ғылыми еңбектердің жарияланауына кедергі жасайтын кез емес», — деп депутаттық сауалында жарияланған.