«Дұрыс деп есептеймін»: Депутат жастарды әскерге күштеп әкетуді қолдайтыны айтты

әскер
Фото: tengrinews.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жастарды әскерге күштеп әкетуді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның айтуынша, жастарды әскерге күштеп әкету тек елімізде ғана емес, көршілес елдер де осындай жағдай болып жатыр

«Соңғы геосаяси жағдайға байланысты әскерімізді күшейту қажет. Одан басқа жол жоқ. Мен (жастарды әскерге күштеп әкетуді – р.) қолдаймын. Дұрыс деп есептеймін. Себебі, Конституция бойынша әр азаматтың борышы, міндеті», — деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі жастарды әскерге күштеп әкетуге қатысты түсінік берген еді.

«Шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері болып жатыр. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар бар. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді. Мұндай жағдайда полиция оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды», — деп жазылған Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан видео тараған еді.