Қоғамдық орындағы тегін Wi-Fi несімен қауіпті? – сарапшы түсіндірді

wi fi
Фото: dzen.ru

Мамандар гаджетке антивирустық бағдарлама орнатып, қорғалмаған желілер арқылы қаржылық транзакцияларды жасамауға шақырады.

«Информбюро» жазуынша, IT саласы мамандары кибершабуылшылар алдын ала тегін Wi-Fi-ды бұзып, дайын отыратынын жеткізді. Кофехана, мейрамхана, қонақ үй клиенттері интернетке қосылғанда, қаскөйлердің барлық деректі қолдарына түсіретін мүмкіндігі бар. Сондықтан да жеке ақпаратыңыз жария болып, есепшотыңыздағы қаражатқа қол сұғу қаупі басым дейді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы сарашылары.

«Митм-шабуыл, домен ауыстыруы мүмкін. Сол себепті тегін Wi-Fi-ларды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Интернет банкинг, әлеуметтік желі қолданбаған дұрыс. Қандай да бір сезімтал деректерді жібермеу керек. Хабарлама ғана жіберіп, Wi-Fi қолжетімділігінен шығу керек», – деді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының жобалық дирекция жетекшісі Ернат Атанбаев.

Бұдан бөлек хакерлер зиянды бағдарламаны жалпыға ортақ Wi-Fi арқылы пайдаланушының гаджетіне енгізе алады. Аталған бағдарламалар тегін желіден ажыратылғаннан кейін де, пайдаланушының жеке деректерін тасымалдағаннан кейін де жұмыс істей береді. Егер құрылғыңыздың жұмыс істеуі баяулап, өздігінен қосылып-өшсе немесе қызып кетсе, телефоныңызға вирус кірді деген сөз. Жарнамалар жиі пайда болып, мегабайтыңыз әдеттегіден тезірек азайса, алаяқтардың шырмауына түскеніңіздің белгісі.