«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты іс неге әлі аяқталмады – Жоғарғы сот жауап берді

Дикий Арман Қайрат Құдайберген
Видеодан кадр / instagram.com/kudaibergen_kairat

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты сот шешімі қашан шығатынын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Әр инстанция өз қызметін дербес жүзеге асырады. Менің білуімше, иә, іс әлі аяқталған жоқ. Сот тергеуі жүріп жатыр», — деп жауап берді Парламент кулуарында сот алқасының төрайымы.

«ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның экс-орынбасары Самат Әбіш ісіне қатысты шешім шықты, алайда Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген ісі әлі созылып, сот үкімі жарияланған жоқ. Неліктен?» деген журналистер сауалына төрайым былай жауап берді.

«Әр іс әр түрлі. Бір эпизодтан тұратын іс бар, онда бір жәбірленуші, бір куәгер — оны бірнеше сессияда аяқтауға болады. 50 сотталушы, 250 жәбірленуші, сот толығымен тексеруге міндетті көптеген қылмыстық іс материалдары бар істер бар. Тиісінше, оның қашан аяқталатынын айта алмаймын. Мұның бәрін сот жеке шешеді. Бүгінгі таңда, менің білуімше, іс әлі аяқталған жоқ», – деді Рахметуллина.

Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде тергеушілер «Дикий Арман» деген атпен белгілі криминалдық беделді Арман Жұмагелдиев пен Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің ісін сотқа берді. Олардың Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп күдіктелуде. Сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.