Қазақстанда жаңа PepsiCo. зауыды ашылмақ

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ресей, Беларусь, Кавказ, Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының Президенті Давид Манзинимен кездесу өткізді.

Негізгі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен PepsiCo Президенті Рамон Лагуарта арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру. Алматы облысында «Lays» қытырлақ картоптары секілді тұзды жеңіл тағамдар өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды. Бүгінгі таңда снектер шығаратын толыққанды жаңа зауытқа $160 млн көлеміндегі шетелдік жеке инвестициялар бөлінді.

Бұл – іске қосылғаннан кейін Орталық Азиядағы ең ірі жоба болмақ. Зауытты 2026 жылы іске қосу көзделген, оның қуаттылығы жылына 16 мың тоннаға дейін дайын өнімді құрайды, кейіннен 2027 жылдан бастап 21 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Дайын өнім Орталық Азия нарығына және одан тысқары жерлерге жеткізілетін болады. Құрылыс кезеңінде мыңға жуық адам тартылады, ал жобаның өзінде 350-ге жуық білікті мамандарға арналған жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

«АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстан PepsiCo секілді стратегиялық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз инвестицияларды қорғау бойынша міндеттемелерді сақтаймыз және қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп өз сөзін қорытындылады Олжас Бектенов.